Ескі сағат

 

sagatБұл сонау алпысыншы жылдары болған оқиға еді. Бірақ арада қанша жыл өтсе де, содан бері қанша су ақса да жүректе ұмытылмастай беріш болып қатып қалған жай-тұғын. Иә, бәрін де басынан бастайын. Күнде түске дейін ұйқы соғатын мені бір күні анам ерте оятты.

-Тұр, шырағым, Аққорхада тұратын Төре қайнымның үйі жаңа сағат сатып алыпты, барып көрімдігін беріп, ескі сағатын қалап алып келейік,- деді.

Мен тездетіп орнымнан атып тұрып беті-қолымды бір шайдым да өгіз арбаны жеге бастадым. Сөйтіп сәлден кейін жолға да шығып кеттік. Көңілім алып-ұшып, біртүрлі жүрегім ерекше соғады. Анамның Төре қайным деп отырғаны әкемнің немере інісі. Жайлауда қой бағады. Бір тоға, қой аузынан шөп алмайтын момын адам.

Қайта жеңгеміз өткірлеу, сөйлегенде ешкімге есесін жібермейтін, ә десе мә деп тұрған келіншек.

Ал менің жүрегімді лүпілдетіп тұрғаны сол аға шопанға көмекші болып істейтін Қаншайым деген әйелдің Жұлдыз деген қызы-тұғын. Менімен түйедей құрдас, қол-аяғы балғадай, екі беті албыраған ол қызды бұрын да бір-екі рет көргенмін. Ештеңенің парқын білмейтін баламыз ғой, ғашық болып, сүйіп-күйіп қалдым десем артықтау болар, бірақ сол кызды көріп сөйлессем, сырлассам деп жүретінмін.

Өгіз арба баяу жылжып жүріп келеді. Қара өгіз маң-маң басып асықпайды. Баратын жеріміз он бес-он алты шақырымның о жақ, бұ жағы. Күн ыссы, шіліңгір шілденің төбені тескен өткір сәулесі қуырып барады. Анам маған беймәлім мұңды әуенді ыңылдап отыр. Сірә, соғысқа кеткен ерлерін жоқтаған әйелдердің зары сияқты.

Арада екі-үш сағат өткенде Аққорханың да төбесі көрінді.

Екі киіз үй алыстан көзге шалынды. Бірі алты қанат ақ боз, екіншісі төрт қанат қоңыр үй. Екі үй екі түрлі тұрмыстың, бар мен орташа тірліктің көрінісі сияқты. Айнала тып-тыныш. Іргедегі қамыс көлеңкеде бір қора қой жатыр.

Бізді жарқылдай қуана қарсы алған ешкім болған жоқ. Бірақ қонақ сыйлап өскен қазақ салтымен қазан көтерілді. Оны-мұны әңгіме болды. Шайдан кейін сыртқа шықтық. Сол кезде көрші үйден қызыл көйлек киген Жұлдыз да шығып құдыққа бет алды. Қолында шағындау шелегі бар. Мен де солай беттедім. Қыз басын изеп сәлемдескеннің іреуетін жасады.

-Жұлдыз, нешінші класта окисың?- деп сұрадым мен.

-Жетінші класка көштім.

-Мен де күзде жетіншіге барамын. Кластас екенбіз.

Оның жүзі әнтек кызарды да басыла қалды. Қайтарда аяғын тез-тез басып келді де үйіне кіріп кетті.

Мен көлеңкеде отырып бір сәт қалғып кетіппін. "Тұр, ет жейміз" деген сөзден оянсам біраз уақыт болып қалыпты. Үйге кіріп ет жедік. Көп сөз болған жоқ. Отырғандардың жүзі біртүрлі қоңырқай. Сорпа да үнсіз ішілді. Қайтар кез келді. Үй иесі бір қақырынып алып "ал енді Асыл жеңеше, не шаруа бар?"- деді. Анам біртүрлі бүгежектеп, қипақтап калды. Бір нәрсе деуге бата алмай отыр, айтпауға да болмайтын сияқты. Ақыры тәуекелге бел байлаған болуы керек тым бәсең дауыспен: "Жаңа сағат алған екенсіңдер, қисаңдар ескі сағаттарыңды бізге беріңдер, шаруамыз осы",- деп бір-ақ қайырды. Сол кезде барып стол үстіне жалт қарасам бірі ескі, екіншісі сары жезі жалтыраған жап-жаңа екі сағат қатар соғып тұр екен.

Үй ішін ауыр үнсіздік басты. Дүние тұщы болғандықтан ба, әлде ол кезде ондай бұйымның көзі тым аз ба, әйтеуір "е, сол да сөз болып па, бізде жаңасы бар ғой, ескісін ала қойыңдар" деген сөз үй иелерінің аузынан шықпады. Анамның Төре қайнысы киіз үйдің іргесінен алтын көргендей мықшиып бір нүктеге қадалған күйі отырып қалды. Біраздан кейін барып басын әнтек көтерген келіншегі анама қарап "ана сағат жаңа болғанмен ертең бұзылып қалса тағы біреуі керек қой, оны бере алмаймыз" деді жай, бірақ нық дауыспен. Отырғандардың бәрі иықтарынан бір ауыр жүк түскендей жеңілдеп қалды.

Анам ләм-мим деп үндеген жоқ, үнсіз орнынан тұрып тысқа беттеді. Тез-тез өгіз арбаны жегіп аттанып кеттік. Бізге "қош" деген ешкім болмады.

Жол бойы анам біртүрлі күйзеліп отырды. Бір қарасам үнсіз жылап отыр екен. "Жыламашы, ертең өскесін жүз сағат алып беремін!"- дедім ышқынып. Осы сөзді естігенде әнтек жүзі жадыраған анам "құлыным-ай, әңгіме сағатта емес, көңілде ғой. Сен жетімді бір қуантайын деп едім. Әйтпесе сол сағаты неменеге керек",- деді мұңайып.

Содан бері талай жылдар ағып өтті. Оқу бітіріп, қызметке орналасқасын алғашқы жалақы алған күні үлкен сағат алып, оны анамның бөлмесінің қабырғасына апарып ілдім. Марқұм анам қатты қуанды.

Өмір көші қандай жылдам зулайды. Бұл күндері біз де біраз жасқа келдік. Талайды, жақсыны да, жаманды да көрдік. Сағат ешкімге таң болудан қалғалы кашан. Бірақ неге екені белгісіз әйтеуір дүкеннен сағат  көрсем жоғарыдағы оқиға есіме оралады. Балалық бал дәурен көз алдыма елестейді. Жүрегімді әрі ащы, әрі тәтті белгісіз бір мұң билейді.

Пікір қалдыру үшін тіркелу қажет...