Күзгі жаңбыр

 

kyzgi zhanbirАйман жасынан жоқтықтың не екенін білмей өсті. Мектеп бітірген соң астанадағы зоотехникалық-малдәрігерлік институтқа түсіп, оны жақсы бітіріп шықты. Соңғы курста оқып жүргенде астаналық облыстың бір ауданында туған, политехникалық институтта қызмет жасайтын Ерік деген жігітке тұрмысқа шықты. Келесі жылы күйеуінің ағасының көмегімен өзінің мамандығы бойынша бір ғылыми-зерттеу институтына қызметке де орналасты.

Күндер, айлар, жылдар байқамай аға берді. Төрт-бес жыл төңірегінде олар пәтер де алды. Дүниеге бір қыз, бір ұл келді. Әні-міне дегенше олар да мектеп есігін ашатын болып қалды. Сөйтіп, Айман ауылда өскенмен аз жылда қаланың нағыз байырғы тұрғынына айналды.

Өмір осылайша өз арнасымен өте берер ме еді кім білсін, бірақ осыдан біраз жыл бұрын дүние төңкеріліп түсті. Дүкендерден зат біткен жылан жалағандай жоғалып, аз-маз сақтап жүрген ақшалары күйіп кетті.

Орташа дәрежелі отбасы еді, енді қайыршының о жақ, бұ жағы болып шыға келді. Ол да ештеңе емес еді-ау, көп кешікпей күйеуі де, өзі де қысқартуға ұшырады. Сұмдықтың көкесі енді болды, ішіп-жемді былай қойғанда пәтерақы төлеу мұңға айналды. Бір тоға жуас, көп қақ-соқпен ісі жоқ Ерік іше бастады. Әйтеуір нанға табылмаған ақша арақ пен темекіге табылатын болды.

Айманның шақшадай басы шарадай болды. Әсіресе, екі баласының жағдайы қабырғасын қайыстырды. Не істеу керек? Кімнен көмек сұрайды? Үкімет "Өз күніңді өзің көр" деп отыр. Ет жақын ағайын-туғаны да жоқ. Ауылдағылардың күні бұлардан да мүшкіл.

Сондай ауыр күндердің бірінде институтта бірге оқыған Зинаның кездесе кеткені. Екеуі біраз әңгімелесті. Бұл мұңын шақты, жылады, сықтады. Ал Зина болса біраздан бері Қытай, Польша, Түркия, Пәкістан елдеріне барып тауар әкеліп сатады екен. Жағдайлары жаман емес көрінеді. Екі жерге киоскі қойыпты.

- Сен босқа жылама,- деді ол бұған, - қазір сенің көз жасыңа қарайтын, аяйтын ешкім жоқ, ол Совет үкіметімен бірге өлген. Сен тірлік жаса. "Қайтып, қалай?"- деді бұл. "Ол былай,- деді Зина,- мен саған қарызға аздап ақша берейін, сен менімен бірге барып товар әкеліп сат. Жағдайың түзелген соң өсімімен қайырарсың. Мен сені білем ғой, жағдайың шынымен де аянышты екен".

Сонымен Айман екі жеңді түрініп жіберіп саудаға кірісті. Обалы не керек, басында Зина көп көмектесті. Екі жылда бұл алған қарызын оған өсімімен толық қайтарып берді.

Сауда дегенің қарап тұрсаң алдау мен арбау екен. Сауда жасаушы қасқыр болса, алушы қоян. Барған сайын Айман оның небір құйтырқы әдістерін үйрене бастады. Айналасы төрт-бес жылда әбден байып шыға келді. Бұрынғы екі бөлмелі пәтерін сатып жіберіп, ең жақсы деген ықшамаудандардың бірінен төрт бөлмелі пәтер сатып алды. Және бір бөлмелі пәтер сатып алып, оны шетелдіктерге жалдап қойды. Онысы кейін екі баласының біріне керек болар дегендегісі еді.

Бірақ сорына Ерік араққа салынып кетті. Бұған қол жұмсайтын болды. "Қыдырасың" деп кінә тақты. Біраз сүйреді. Емдетті де. Бірақ бәрі зая кетті. Киоскіге отырғызып та көрді. Басында әп-әсем болса да бұл бір айналып келсе ішіп алып ләйліп отырады. Нарық дегенің әйелдердің мойнына батпан жүк артқанмен еркектерді аздырып, тоздырып жібергенін бұл сонда ұқты. Ақыры ажырасып тынды. Шынын айтқанда бұл оны қуып жіберді. Арада бір жыл өткенде мас болып үсіп өлген Еріктің денесі ағаш арасынан табылды. Бұл оны арулап жерледі. Тірлігінде бұл өмірден көп рахат көрмеген отыз алты жасар байғұс жігіт сөйтіп, жер-ананың қойнына барып біржола тыныш тапты.

Өмір жалғаса берді. Айманның жолы болған үстіне бола түсті. Тамыр-таныс та көбейді. Қалта долларға толған сайын мұның көкірегі өсе бастады. Астына шетелдік машиналардың бірінен кейін бірін мінді. Осыдан алты-жеті жыл бұрынғы Айманды тану қиынға айналды.

Есесіне соңғы екі-үш жылда Зинаның жағдайы ауырлап кетті. Біреулер киоскілерін өртеп жіберді. Машинасын соқтырды. Ақыры шетелге соңғы барғанда алты мың долларын ұрлатып алды. Қасындағылар көмектесіп, Алматыға зорға жеткен ол жылап-еңіреп Айманға келді. Қарызға ақша сұрады. Бірақ бұл міз бақпады. Жібімеді.

-Менде басы артық ақша жоқ. Бәрі айналымда. Берген күнде мына күйіңмен оны қашан қайырасың? Мен бір-екі күнде Америкаға жүрейін деп отырмын. Одан келген соң Түркияға барам. Басқа біреулерден сұрасаңшы,- деді.

Зина сұп-сұр болып кетті. Екі ұмтылып барып орнынан азар тұрды. "Жақсы, жақсы, ия, солай ғой, солай",- деп жиһазға малынған, есіктен төрге дейін парсының кілемі көмкерген бөлмеден бүкшиіп шыға кетті...

Отыз бес жасар құба талдай солқылдаған келіншектің айналасына гүлге үймелеген арадай торуылдаған жігіттер қатары көбейген үстіне көбейе бастады. Солардың ішінде Талғат деген жылмаңдаған біреу бұның басын әбден айналдырды. Екеуінің көңілі жарасып, бір-екі рет шетелдерге бірге барып қайтты. "Түбі қосыламыз ғой" деп дәмеленіп жүрді бұл.

Бірде Талғат қалаға жақын жерде тұратын бір бизнесмен жолдасының Москвадан спирт әкеліп арақ щығарғысы келетінін, соған жиырма мың доллар қарыз сұрайтынын, көп кешіктірмей өсімімен қайтаратынын айтты. "Бұрын қарыз күліп барып, жылап қайтатын болса, енді проценттік өсімімен күліп барып, күліп қайтады" дегенді қосып қойды.

Айман байқап қараса біраз пайда түсетін түрі бар. Талғат та өзім деп жүрген жігіт, бұл дегенде шығарға жаны жоқ сияқты. Ақыры Талғаттың жолдасы Беріктен қолхат алып, қолына жиырма мың долларды ұстатты.

Уақыт өте берді. Бір айда қайтаруға тиіс ақшадан хабар болмады. Талғат та сырғақси бастады. Тіпті кейін оның өзін табу қиынға айналды. Бұл кезде қас қылғандай Айманның саудасы да жүрмей қойды, киоскілерге төлейтін салықта өсіп кетті. Оның үстіне үлкен қызы аяқ астынан қатты ауырып, азар дегенде ажал аузынан қалды. Оған да біраз ақша кетті. Амал жоқ Айман қарызға берген ақшасын қайтаруды талап етті. Берікті сотқа беретінін айтты соңғы бір кездескенде Талғатқа. "Екі-үш күн күт, мен онымен сөйлесейін",- деді ол.

Соның ертеңіне Талғат телефон соқты. "Сағат кешкі бесте  Беріктің қолхатын  алып, "Саяхат" автовокзалының қасына кел. Ақшаңды түгел аласың",-деді ол.

Айманның  бір жамандықты сезгендей жүрегі лоблып, лүпілдеп кетті. Қасына ертейін десе қас қылғанда ешкім жоқ. Қызы ауруханада, ұлы да жер жұтып кеткендей үйде болмады. Ақыры "Саяхатқа" өзі келді. Келсе машинада Берік, Талғат және бір күжірейген көзілдірікті біреу отыр екен. Бәрі де оны жарқылдай қарсы алды. "Мынау он мың доллар, қалғанын Беріктің үйінен аласың",-деді Талғат.

Машина қаланың тау жақ беткейіндегі шағындау бір үйдің қасына келіп тоқтады. Үйге кірсе стол үсті тамаққа толып тұр екен. "Кел, қайтқан малда қайыр бар" деген, соны жуып жіберейік", - деді Талғат. Көзі күліп тұрғанмен жүзі біртүрлі суық.

Содан бұлар біраз отырып ішімдік ішті. Бір кезде ана екеуі сыртқа шығып кетті.Берік қана үйде қалды. Мынау қалған ақша, қолхатты бері әкел,- деді Берік.

Айман сумкасын ашып ішінен оның қолхатын шығарды. Сол кезде ақша ұсына берген Беріктің қолы мұны бір ұрып жерге ұшырып жерге түсірді. "Ә, сайқал, саған ақша керек екен ғой, тағы не керек?" деп мұның үстіне қона түсті. Аяусыз езгілеп, ойына келгенін істеді. "Талғат, Талғат!" деп айқайлап еді, бірақ ешкім дыбыс берген жоқ.

Сол күні үш айуан қараңғы бөлмеде Айманды бірнеше рет зорлады. Таңға жақын оған "Мен Беріктен жиырма мың доллар қарыз алдым" деп күштеп қолхат жаздырып алды. Сосын келіншекті өлтіріп, денесін таудың етегіне апарып көміп тастады.

Коммерсант келіншектің аяқ астынан жоғалып кетуі қалада үлкен дүрбелең туғызды. Іздеу салынды, оның суреттері талай газеттерде басылды, теледидардан көрсетілді. Танитындар аһ ұрды, тіпті танымайтындардың өздері жап-жас, көрер көзге үріп ауызға салғандай сүйкімді келіншекті сырттай аяп жатты. Ақыры Айманның пәтерінен Беріктің қолхатының көбейтілген көшірмелері табылып, тергеу орындарының тынымсыз қызметі нәтижесінде қылмыскерлер қамауға алынды. Сөйтіп жоғалып кеткен келіншектің денесі үш айдан кейін көмілген жерінен қазылып алынды...

Алматы күзі биыл тым құрғақ болды. Екі ай бойы бір түйір тамшы тамбады. Тек Айманды "Кеңсайға" жерлеген күні ғана күн сібірлеп жауып тұрды. Құдды оны жоқтап тұрған сияқты. Түстен кейін жұрт аяғы басылғасын бейіт басына қара киінген бір жас келіншек келді. Біраз уақыт ойланып тұрды. Алқымы ашып, көзіне жас үйірілді. Бірақ жыламады. Қолындағы аппақ төрт тал гүлді әлі топырағы кеппеген дымқыл бейіт үстіне қойды да кейін бұрылып жүре берді. Бұл Зина еді...

Пікір қалдыру үшін тіркелу қажет...