Поездағы оқиға

 

poezdСылбырап жаңбыр жауып тұр. Табиғат мына сұп-сүр, сұрғылт өмір сияқты қабағын бір ашар емес. Қоңыр күз келгелі жаңбыр да көбейе түскен. Поезд Жамбыл қаласына кеп тоқтады. Вагон терезесінен сыртқа көз тастап отырған қатып киінген жас жігіттің ойы да сылбыр жаңбырдай тарам-тарам.

Кенет  вокзалдан  шыққан сары шашты сұлу әйел купесі екі кісілік осы вагонға қарай жүрді. Бағасы былайғы вагондарға қарағанда екі-үш есе жоғары болғандықтан мұнда келушілер де сирек. Ала қап арқалағандардың көбі бағасы арзан плацкарт вагондарды қол көреді.

Соның арасынша бұл отырған купенің есігі қағылды.

-Кіруге бол ма?

-Кіріңіз.

-Проводник осы купеге жіберді. Қарсы емессіз бе? 

- Жоқ, о не дегеніңіз. Сіздей сұлуға тіпті өз орнымды босатып беруге әзірмін.

- Жоға, маған мына бос орын да жетеді. Қысылмаңыз.

Поезд анда-санда бір ақырып қойып, кеш қараңғылығын қақ жара алға қарай зулап келеді. Жігіт көзінің астымен қасында отырған алтындай сары шашты, көзі көгілдір аспандай тұп-тұнык, сұлу жас келіншекке ұрлана көз тастап қояды. "Өте сұлу екен, оңай шағыла қоятын жаңғақ болмас".

Келіншек орнынан тұрып сыртқы киімдерін шешті. Дөнгеленген мықын, толық та аппақ балтыр көргеннің көзін қарып алардай екен. Қолы толған алтын сақина, құлағында да алтын сырға. Төсек-орын алғанда сырт еткізіп ашқан әмиянында да қомақты ақша бар сияқты. "Сірә, бір қалталының қатыны болса керек, сабыр, сабыр,- деп ойлап отыр бұл,- Шымкентке жеткенше бір амалын табу керек".

Сырт көзге сабырлы, тәкаппар сияқты көрінгенмен келіншек әңгімешіл болып шықты. Әңгімесіне қарағанда көп жыл Алматыда тұрыпты. Өткен жылы күйеуі кайтыс болған соң бұлар айналысып жүрген бизнес қожырай бастапты. Ақыры бұл фирманы басқа біреуге өткізіп, Орынбордағы апасына көшпек болған. Сөйтіп жүргенде үйіне ұры түсіп, біраз ақшасы мен қымбат заттарын тонап кеткен. Бұл сапарда Жамбылда тұратын апасына соғып, енді Орынборға бара жатқан беті екен.

Сұлу келіншектің әңгімесін зейін қоя тыңдап отыр.

"Орынборға көшпек, демек ақшасы бар, алтындары да біршама. Ия, жолым болады екен". Кенет қышып кеткен сол қолының алақанын ол құшарлана қасып койды.

Өзі де біраз әңгімелерді көйітті. Бизнес ісімен Ақтөбеге бара жатқан беті. Біраздан бизнесте жолы болып жүрген мұның қолына бұл жолы да біраз қаржы түсетін сыңайлы. Қазіргі тіршілік тірегі бизнесте деп біледі бұл. Москвада институт бітірген мұның тамыр-таныстары да жетерлік. Егер Орынборда жолы болмай жатса көмектесуге әзір.

Сұлу келіншек жымия бұған көз тастады. Жымиғанда алтын тістері жарқырап көрінеді екен. "Айтатыны жок, сұлу. Енді іске кірісу керек".

- Әңгіме соғып отырмыз. Ойбай-ау, әлі таныспаппыз да ғой. Менің атым -Тимур.

-Лена.

-Жақсы, танысып та алдық. Енді шай ішіп отырып әңгімелессек қайтеді?

-Соның өзі қалай болар екен?

-Жо-жоқ сіз қысылмаңыз, менде бәрі бар.

Тимур дипломатынан қуырылған тауық, шұжық, балық, лимон, нан шығарып стол үстіне жайғастырды.

-Қазір мен шай алып келейін.

Сұлу келіншек жымия бұған бас изеді. "Айтары жоқ сұлу, сәл сабыр, сабыр,- деп тоқтатты бұл өзін,-алтындары да, ақшасы да жетеді. Жол болды деген осы".

Екі стакан шай құйып алып, оның біріне ұйықтататын дәрі септі. "Сен оянғанда  мен  кері  бағыттағы поездардың бірімен Бішкекке қарай зулап бара жатармын, сұлу бикеш, сен болсаң мені Ақтөбеден іздеп әуре боларсың. Ізде, ізде, бірақ таба алар ма екенсің? Әй, аңқау әйелдер-ай!"-деп мысқылдай күліп кояды.

Көңілдене әндетіп купеге кірді. Кірсе сұлу келіншек стол үстін конфет, печеньелермен жайнатып, тіпті вино да ашып, екі стаканға құйып қойыпты.

Екеуі алдымен вино ішті. Тимурдың кенет басы айналып, келіншектің жылаңқы дауысына қосылып жылағысы келді. Көз алды мұнартып, тамағы құрғады. Бірте-бірте кірпіктері айқасып, жып-жылы, жұп-жұмсақ бір тұңғиыққа құлап бара жатты...

Келіншек виноның бутылкасын тез тығып, оның денесін төсекке жатқызды. Жігіттің дипломатынан үш мың доллар, бір миллион теңге, он мың қырғыз сомы, бір уыс алтын, күміс, бриллиант жүзік, сырға алды. Шалбарының қалтасынан басқа фамилиядағы үш паспорт табылды. Оларды да сумкасына салып алды. Себебі оның өліп қалған мына жігітке енді тіпті де керегі жоқ еді. "Ай, еркектер-ай, осыншама аңкау боларсыңдар ма?" деп ойлаған сұлу келіншек тез-тез жиналып, кезекті станцияға келіп тоқтаған поездан түсіп қалды.

Жүйткіген поезд қара түтінді бұрқыратып алға қарай жөнеле берді.

Пікір қалдыру үшін тіркелу қажет...