Рэкет

 

reketНұржанның үйінен шығып "Мерседесіне" отыра бергені сол еді алдынан автомат оғы себелей жөнелді. Әп-сәтте отызға енді ғана толған өндірдей жас қызыл қанға боянып, орындыққа сылқ ете түсті. Ал ағаш арасынан жүгіріп шыққан үш жігіт үй тасасында тұрған машинаға отырды да қас пен көздің арасында ғайып болды.

* * *

Бұл бала күннен ерке, тентектеу болып өсті. Бірге оқитын балалардың ішінде Нұржаннан таяқ жемегендері кемде-кем шығар. Денесі шымыр, екі қолы ұзын да қарулы еді.

Алтыншы кластан бастап бокс, күрес, самбо сияқты спорттың бірнеше түрімен қатар айналысты. Жоғары класта өзі оқыған мектептің, кейінірек аудан, облыстың намысын қорғайтын дәрежеге жетті. Мұның есімі осы жылдарда бүкіл республикаға мәлім болды. Бірнеше рет еркін күрестен республика чемпионы атанды.

Соның арқасында физкультура институтына да оп-оңай түсіп кетті. Осыдан ба Нұржан өмір жолы сүргіленген тақтайдай теп-тегіс деп ойлаушы еді. Ойлайтын да осыған сенетін.

Жоқ, өмір жолы сүргіленген тақтайдай теп-тегіс емес екен. Бұл институтты бітіріп қолына диплом алғанда жер жаһанды тітіренткен алып держава құлады. Өз алдарына бытыраған республикалардың қалыпты тіршілігіне бұл қатты әсер етті. Ақшадан да, басқадан да құн кетті. Жұрт қобыраған ақшаларды қапшықтармен тасып жүретін болды.

Ең қиыны бұл қызмет таба алмады. Баяғыдай қолына жолдамасын ұстатып анда бар дейтін ешкім болмады. Қайта қайда барсаң онда бар деп қолына дипломын ұстатты да бет алдына қоя берді.

Содан пәлен ай салақтап бос жүрді. Тірлік тығырыққа тірелді. Оның үстіне үйінде жас келіншегі, қызы бар. Оларды асырау керек. Әбден басы қатты. Оны-мұны жұмыс жасап көріп еді онысы тапқанына жетпеді.

Осындай уайыммен жүрген күндердің бірінде курстасы  Дүйсен кездесті. Екеуінің арасында институтта оқып жүрген кезден бір жылылық бар еді. Тым жақын дос, жолдас болып кетпегенімен сыйлас болатын.

Дүйсен мұның гөй-гөйін асықпай тыңдады. Сөзін бөлген жок. Бұл тірліктің қиыншылығын, әлден тұрмыс теперішін тарта бастағанын, тіпті жаңа үйленген әйелімен де жиі сөзге келіп қалатынын жасырған жоқ. Ішіндегі мұң-зарын әбден тыңдап алған Дүйсен мұның бетіне сынай ұзақ  қарап отырды да бір кезде барып баяу үн қатты.

- Бізде бір жұмыс бар. Ақшаң да, машинаң да, кешікпей пәтерің де болады. Бірақ өміріңе кепілдік бере алмаймыз. Бұл өзі сондай бір қауіпті жұмыс,-деді.

Іші қылп ете түсті. "Е, рэкет болды ғой айтып отырғаны" деп ойлады. Себебі ол жылдары бұл сөз кез келген ортада жиі айтылатын. Әсіресе, базарлар мен автотұрақтар, казинолар мен ресторандар, тіпті киоскілер мен "шарик-малик" ойнайтын аландар да солардың бақылауында деп еститін. Рэкеттердің көбінің бұрынғы спортшылар екенін де естігені бар. Біраз ойланып отырды. Бас тартқанда не істемек, қайда бармақ? Тіпті барар жер, басар тау бар ма өзі? Қоғам мынау күн санап азып бара жатқан. Үкімет кеше елдің елу, жүз сомын ауыстырып бір тонап алса, бүгін кассадағы өмір бойы жиған-тергенін тиынға айналдырып тағы бір шұнтитты. Осыдан инфаркт алып өліп кеткендер каншама? Бәлки, жолы болар. Қолында аз-кем қаржы түссе мүмкін айналдырып өз тірлігін жасар.

- Жақсы, мен келістім. "Өзекті жанға - бір өлім" деген. Мына ит тірліктен әбден жалықтым,- деді бұл біртүрлі күңірене сөйлеп.

Содан бұрын өзіне мүлдем беймәлім бір тірлікке кірісті де кетті. Ол кооперативтердің, базарлардың, валюта ауыстыру пункттерінің жаңа-жаңа балалап келе жатқан кезі еді. Бұлар соның бәрін өз бақылауларында ұстайды, яғни солардың "крышалары" болады. Әрине, ол үшін тиісті ақыларын алады. Төлемегендерді "косякқа" кіргізеді. Енді мұның өзі бір таусылмас хикая. Ең бастысы, ақша қалтаға өзінен өзі құйылады да жатады. Тек баспен жұмыс істеу керек. Екі-үш жылда Нұржан машина да, пәтер де алды. Өз атына нотариус ашып, әйелін соның бастығы етті.

Бұлар көп кешікпей бұрынғы кеден, базар, казино, ресторандарды былай қойып, енді мұнайдың айналасын айналдыра бастады. Бұл бір сұмдық бизнестің көзі екен. Себебі бүгінде бензинсіз бір де бір машина аттап жүре алмайды. Яғни, бензин тірліктің тегершігі. Ал осы тегершік кімнің қолында болса ақша, байлық, тіпті билік те соның қолында.

Мұның жолы болған үстіне бола түсті. "Семіздікті қой ғана көтереді" деген ғой атам қазақ, ал бұл көтере алмауға айналды. Пәленің бәрі казинода ірі мөлшерде ақша ұттырудан басталды. Одан кейін біраздан бері күліп-ойнап жүрген көңілдес қызына бүкіл жиһазымен үй сатып алып берді. Оның бәрі "шефтің" қытығына тисе де ол бұған біразға дейін еш реніш айтқан жоқ. Сөйтіп жүргенде Нұржанға көрші қаладағы бір "борышкерді" тәртіпке шақыру тапсырылды. Бұл тексеріп көрсе алыстан келетін жамағайын туысқаны екен. Қысқасы, бұл оны "тәртіпке" шақыра алмады.

Мұның бәрі ештеңе емес еді, "шеф" Мәскеуге кеткенде бұл оның нақсүйері Зорамен шатасты. Шайтан азғырды ма, әлде Зора сияқты сұлу сайқалдың сайтаны мықты болды ма, бұл оның құшағына көміліп оңаша үйде бір апта жатты. "Ай, мұныңды "шеф" саған кешірмейді-ау",- деп қауіп айтты Дүйсен мұны соңғы көргенде.

Бұл "шефпен" екі аптадан кейін кездесті. Көпті көрген зымиян сұм емес пе, сыр білдірмеді. Бірақ жанары бір түрлі суық еді. Тіпті тіке келгенді тайсалдыратын, анау-мынауға ықпайтын мұның өзінің жон арқасы жыбырлап қоя берді. Бір сұмдықтың жақын қалғанын бүкіл болмысымен сезінді. Содан тездетіп бүкіл үй-жайын, жиған-тергенін бірінші әйелінің, ал машинаны, қалған жиһазы мен пәтерін екінші әйелінің атына аударды. Барлық ақшаны екі баланың атына бөліп салды. Содан бәріне дайын тас-түйін болып жүрген-ді. Қауіп көп күттіре қойған жоқ.

* * *

Шығар күннің қып-қызыл шапағы талаурай көтеріліп жүзінен нұр төгілген жап-жас жігіттің бетіне шашырай түсіп тұр. Мына бес күндік жалған дүниеден кеткеніне бұл түк өкініп жатпаған сияқты. Қайта ит тірлікте қалған жандарды аяғандай езуіне суық күлкі үйіріліпті. Ол үйінен дауыс салып жүгіре шыққан әйелін де, көшені басына көтеріп ақырып-шақырып келе жатқан "Жедел жәрдем" мен милиция машинасының дауысын да естір емес. Басынан, кеудесінен тамшылаған қызыл қан "Мерседес" машинасының жұмсақ орындығына тамып жатыр, тамып жатыр...

Пікір қалдыру үшін тіркелу қажет...