Өкініш

 

okin zholdigaliСәрсен аудан әкімі қызметінен босатылғаннан кейін біраз уақыт үйінде жатып қалды. Облыс жақтан тырс еткен дыбыс, еш хабар-ошар болмады. Ал негізінде басшы қызметте істегендердің бір жерден босағанымен екінші жерден "жарып шығуы" сонау елді партия басқарған кезден бар саясат. Бұл да содан үміттеніп, дәметіп біраз жүрді. Рас, алғашқыда осы ауданның бір совхозының директоры қызметі ұсынылды. Оған бұл келіспеді. Онысы дұрыс та еді. Кеше бүкіл бір ауданды ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған әкім енді сорлы болып өзінен әлдеқайда жас жігіттердің алдында жалтақтап қалай отырады?

Содан екі-үш ай өткен соң облыстық әкімшіліктен әбден күдерін үзген Сәрсен ескі таныстарды жағалап, ақыры облыс орталығындағы шағын бір мекемеге қызметке орналасты. Орталыққа жақындау ауылдан үй сатып алып, көп кешікпей көшіп те алған.

Тіршілік бұл қызметтен кетті деп тоқтаған жоқ, жалғаса берді. Бірақ көп жылдан бері жолы болып жүрген бұған тағдыр соққысы үсті-үстіне тие бастады. Алдымен өзіне тете ағасы дүние салды. Caп-caу жүрген жігіттің түбіне қан қысымы жетті. Одан әйелі қатты ауырып, үш операциядан кейін әупіріммен азар тірі қалды.

Қызметі де қожырай бастады. Бұл жұмыс істейтін мекеме жабылуға айналды. Отыз жылдай комсомол, партия қызметтерінде үнемі сатылап өсіп, әмсе жолы болып жүрген Сәрсенге бұл өте ауыр тиді. Әсіресе, кешегі бір жай жүрегіне тікендей қадалды. Ұмытайын десе де ұмыта алмайды. Әлі де көз алдында. Күн сылбырап жауып тұрған. Бұл тротуардың жиегімен келе жатқан. Кенет артынан шыға келген бір машина бұған жақындай бере газды қаттырақ басып қасынан құйғытып өте шықты. Қара лай су үсті-басын былғады да кетті. Машинаға көзі түсіп еді, бұрынғы аудандағы өзінің бірінші орынбасары екен. Кекірейіп отыр. Тіпті түсіп сәлем де бермеді-ау. Сәлемді айтасың үсті-басын былғап кеткені мынау. Ал сол жігітті бұл әкім болған бойда быт-шыт боп тарап кеткен бір мекемеден сүйреп әкеліп, қазіргі тілмен айтсақ өз "командасына" кіргізіп, бірінші орынбасар еткен. Осы "Сәке, Сәке" деп жалбаңдап-ақ тұрушы еді. Ендігісі мынау. Қазір есіне түсті, өткенде де бір кішігірім жиналыста мұны байқамағансып қасынан өте шыққаны бар. Не боп кеткен мына дүние?

Қызметте сатылап өсіп келе жатқан Сәрсен ғұмыр бойы осылай бола береді деп ойлайтын. Көкірегіне жел бітіп, көзін шел басқанын енді біліп отыр. Үш-төрт жыл бұрын әкім болған күні-ақ бүкіл аппаратты өзгертті. Бұрынғы әкім қадалған жерінен қан алатын қатал, қу, нағыз залым адам еді. Қарсы келгенді қан қақсататын. Ондай жанның айналасына өзі сияқтыларды жинайтыны белгілі. Мұны көріп жүрсе де қолынан келер ештеңе болмағасын амалсыз шыдап жүрген. Билік тиген алғашқы күні-ақ солардың бәрін тырқыратып қуды да жіберді. Ешкімге қарсы келмейтін жуастау, ынжықтаулары, орнын алмастыратын кадр жоқтары ғана орындарында қалдырылды.

Бірақ бұл сол жолы өзінің тағы бір орынбасары -Мұратты ауыстыра алмады. Облыс келісім бермеді. Бұл бір бетің бар, жүзің бар деуді білмейтін өткір, аса іскер жігіт еді. Мұнымен ауданның бұрынғы әкімі де санасатын. Тіпті әкімдікке екеуінің кандидатурасы қатар түсіп, кімнің қолдағаны белгісіз бұл өтіп кеткен. Бірақ сол кезде-ақ ішінде беймәлім бір күдік қалған. Ал ертеңгі күні орнына таласып жүрсе ше? Шыны керек, беделі де бұдан артықтау. Қанша жерден билік айтсаң да түбі шындық жеңері анық.

Содан Мұраттан құтылудың жолдарын қарастырды. Алдымен екі орынбасардың бірін қысқартты. Қысқарғаны осы Мұрат болды да, қалғаны мана машинасымен үсті-басын лай сумен былғап кеткен Ережеп болды. Мұрат бөлім бастығына ығыстырылды. Машинасын алып жаяу қалдырды. Кейінірек аппарат мәжілісіне шақырмайтын, оған түк тапсырма бермейтін болды. Арада жарты жыл өткенде Мұрат облыс орталығына ауысып кетті. Бір ғажабы, ол бұған ешқандай өкпе артқан жоқ. Сыйластығын жоғалтпады. Кетерде тіпті көзіне жас алып, қимай қоштасты. Іскер, батыл, өткір болғанмен көңілі нәзік екен. Өзінің оған қатты қиянат жасағанын Сәрсен сонда барып білді. Қайта одан да Мұраттың мұны тілдеп, тым болмағанда өкпе артып кеткені дұрыс еді. Бірақ болар іс болды. Енді ештеңені өзгерте алмайсың.

Кейін Мұрат облыс орталығында трест басқарды. Көшіп келмек болғанда бұған машина алып берді. Тіпті бір-екі рет қонаққа да шақырған. Бірақ бұл барған жоқ. Не деп барады? "Сенің ауданнан кетуіңе себепші болып едім, саған қиянат жасап едім, қонағасыңа рахмет",- деп бара ма?

Сәрсен бүгін де көшеге ерте шықты. Күн желкемдеу екен. Ала шаң ұйтқи соғады. Күзгі жел ызғарлы-ақ. Плащының өңірін қаусырыңқырап алып жүріп келе жатыр еді кенет қасына қара "Волга" келіп тұра қалды. Ішінен атып шыққан Мұрат бұған жүгіріп келіп амандасты.

-Қалайсыз, Сәке, денсаулығыңыз жақсы ма?

-Жаман емес, тек жеңгең аздап сырқаттанып тұр.

-Курортқа жіберіп алсаңызшы. Бізде жолдама бар. Көмектесейін.

-Рахмет. Дәл қазір қажеті шамалы. Кейінірек болмаса.

Кеудесі ысып, көңілі біртүрлі бұзылып кетті. Мына алдында қасқая қарап тұрған жас жігіттің алдында өзін тым мүсәпір, бейшара сезінді.

-Мұрат, сен маған өкпелеп жүрген жоқсың ба, қызмет барысында не болмайды. Егер қиянат жасаған жерім болса, кешір, шырағым,- деді әлжуаздау дауыспен,- мен біраз қателіктер жіберген сияқтымын.

-Жоқ, ол не дегеніңіз, Сәке, менің сізге ренжіген кезім болған емес. "Қызмет қолдың кірі" деген, ол кімнен қалмаған. Тек адамдар өз қателіктерін өздері өмірде мойындамайды ғой. Осы қиын. Ойбай-ау, неге тұрмыз, машинаға отырыңыз, жеткізіп тастайын.

-Рахмет, Мұрат. Біраз жаяу жүргім келіп тұр. Сен жүре бер.

-Жақсы, Сәке. Егер шаруаңыз болып жатса кез келген уақытта хабарласыңыз. Қолдан келіп жатса көмектесемін. Міндетті түрде,- деп Мұрат машинасына отырды да жүріп кетті.

Бұл жақын жердегі орындыққа келіп отырды. Ойы әлем-жәлем. Ащы бір өкініш кеудесін тырнап кетті. Мына өмірдің жұмбағы неткен көп? Біреуге жақсылық жасайсың, ол жамандықпен жауап береді. Ал біреуге қиянат, жамандық жасайсың, ол саған жақсылық жасайды. Әлде өмір осынысымен қымбат па? Қой, алдағы сенбіде өзім деген екі-үш жігітті қонаққа шақырып жіберейін. Мұратты да қосайын. Кімнің кім екенін қызметтен түскенде білесің екен ғой.

Сәрсен орнынан жігерлене атып тұрып жолға түсті. Қадамы нық. Мұның көзіне бір сәт қала көшелері күндегіден де көрікті болып кеткендей көрінді.

 

Пікір қалдыру үшін тіркелу қажет...