Алғашқы махаббат

 

mahabbatОның аты-Шынар. Екі көзі мөп-мөлдір. Тұнық аспан сияқты. Шашы қоп-қою, қап-қара. Өткен жылы мектеп бітірген. Ауылда кітапханашы. Танысқанымызға онша көп болған жоқ. Бар-жоғы бір ай. Каникулға келгенде таныстым. Шынымды айтсам оны бір көргеннен ұнаттым. Бірақ жүрек сырымды оған айта алар емеспін. Кездескенде жүрегім атша тулап қоя береді. Кеудемді діріл басады.

Соңғы кезде оны жиі іздейтін болдым. Сыралғы достардай көп әңгімелесеміз. Өмір, бақыт жайлы ой толғаймыз. Кітаптар туралы сырласамыз.

Жайдары жаз қандай тамаша еді. Кітапханаға келдім. Шынарға жолықтым. Шығарып салдым. Киноға шақырдым. "Ертең барайық", - деді ол. Бүгін қолы тимейді екен.

Үйге келдім. Бірақ сыя алмадым. Көңілім алып ұшады. Шынарды көргім келеді. Оның сөйлегені, күлгені көз алдымнан кетер емес. Ертең оған жүрек сырымды айтуға бекіндім. Қанат деген досым келді. Киноға билет алып келген екен. Бардық. Бірақ мен көріп жарымадым. Барлық ойым Шынарда. Қайда екен ол? Не жасап жатыр екен? Кинодан соң Қанат үйіне кетті. Мен орталық бақ арқылы үйге бет алдым. Міне, Шынардың үйінің терезесі. Шамы жанып тұр. Кенет дәл жанымдағы қарағайдың түбінен сыбырласқан үн шықты. Біртүрлі қыз дауысы таныс сияқты. "Құдай-ау, мынау Шынардың даусы ғой". Тыңдап тұра қалдым. Құшақтасқан екеу жақындап келеді. Анық сол. Көңілді.

- Арман, бүгінгі түн қандай сұлу? Саған ұнай ма?

- Ұнайды, жаным, өйткені қасымда сен барсың ғой, Шынарым! Біз алғаш кездескенде де осындай сұлу, аппақ түн емес пе еді?!

Олар ұзап барады. Мелшиіп мен тұрмын. Тас төбемде найзағай ойнағандай. Жүрегім қан жылап қоя берді. Көзім қарауытып кетті. "Қош, менің алғашкы махаббатым!" Осылай деп күбірлеймін. Жан дүнием астан-кестен. Мең-зеңмін. Ілбіп басып жүріп келемін. Өкініш өрті өзегімді өртеп барады. "Кеш қалыппын-ау!" Жұлдыздардың менде шаруасы жоқ. Жымың-жымың етеді. Ағаштар шулайды. Баяу жел еседі.

Содан кейін Шынарды көпке дейін көргенім жоқ. Кітапханаға бармадым. Көрсем сырымды білдіріп алармын деп қорықтым. Оқуға кетер күн де жақын қалды.

Бір күні өзі іздеп келді. Қалың ойда, жабырқау отырғам. Жүрегім дір ете түсті. Бұрынғыдан да сұлуланып кетіпті. Толқып кеттім. Ол да толқып тұрған сияқты. Мен оған ұзақ қарадым. Ол да маған ұзақ қарады. Кенет бір нәрсе айтуға оқтала беріп еді, мен: "Керегі жоқ, білемін" дегендей басымды шайқадым.

Міне, ол кетіп барады. Қоштасты да, бұрылып жүре берді. Менің оның соңынан жүгіргім келді. Бірақ тұрып қалдым. Жүгірмедім. Одан не пайда? Осы сәт жүрегімді тіліп өтіп, көзімнен екі моншақ мөлдіреп барып, үзіліп жерге түсті. Мен жылап тұрмын.

Пікір қалдыру үшін тіркелу қажет...