Қарғыс

 

kargisАйман өз қатарының алды болды. Мектепті үздік бітірді. ҚазПИ-ге түсіп бес жылда жоғары білім алды. Алматыдағы мүйізі қарағайдай бір институтқа қызметке орналасты. Тұрмысқа шығып, екі бала сүйді. Күйеуі жуастау жігіт еді, алты-жеті жыл отасқаннан кейін автомобиль апатынан қайтыс болды.

Өмір бірақ өз ретімен жалғаса берді. Айман да тіршілігін істеп жатты. Екі ұлы ержетіп қалды. Ендігі тілегі солардың үстінде еді. Бірақ"перестройка" деген зауал қалыпты тіршіліктің быт-шытын шығарды. Күнде жиналыс, мыжу сөз, көкіген көбік әңгіме. Ақыры Айман қызмет ететін институт жабылып тынды. Бұлар қызметсіз қалды.

Алғашында бұл мәңгіріп, не болғанын түсінбеді. Тірлік барған сайын қиындай берді. Әсіресе, жағдай 1992 жылдан кейін мүлдем адам төзгісіз болып кетті. Жұрт жан дәрмен базарға, саудаға шықты.

Бұл да шығайын деп еді, ақшасы болмады. Осы жерде құрбысы Қарлығаштың көмегі тиді. Ақшасы көп жерде қызмет істеуші еді. Содан қарыз алды. Сөйтіп, ептеп сауда жасай бастады. Кейінірек Қытайдан арзан тауар әкеліп сатып біраз жағдайын түзеп алды.

Балалары өскен соң бұрынғы екі бөлмелі пәтер тарлық ете бастады. Тағы да Қарлығашқа жалынып, оның күйеуінен қомақты қарыз алды. Орталық жақтан жақсы үш бөлмелі пәтер сатып алып соған кірді.

Бірақ қарызға алған долларының проценті космостық жылдамдықпен өсе бастады. Осы аралықта қас қылғандай доллар да екі есеге жуық өсіп кетті. Қарлығаштардың да шаруасы шатқаяқтай бастады. Қарызын сұрап келуді жиілетті. Бірақ бұда ақша қайдан болсын. Пәтерін сатып қарызын берейін десе ол да өтер болмады.

Енді үйге Қарлығаш емес күйеуі Арыстан келіп бұдан қарызды төлеуді талап ете бастады. Әні қайырам, міне қайыраммен арада жарты жылға жуық уақыт өтті. Қарыздың процентінің өзі бес мың долларға жетті. Енді қарызды оның бұл дүниеде қайыра алмасы анық еді.

Сол қайғылы күні кешке қарай Арыстан тағы келді. Өзі едәуір қызу. "Давай, ақшаны қайыр!", "Қайырам!", "Қашан?","Скоро". "Mә, саған скоро!"

Алпамсадай жігіт шынашақтай әйелді бір соғып ұшырып түсірді. Содан соң ал келіп тепкілесін. Бүкіл денесі көк ала қойдай болды. Басы жарылып, көзі шығуға қалды. Көйлегі өрім-өрім болып жыртылды. Аузынан қара қан аққан соң ғана тоқтады Арыстан.

Айманның ащы да зарлы даусы шықты бір кез.

-Долларда басың қалғыр ит-ай. Әбден қорладың-ау. Қайдан құдай саған тап қылды? Бұдан қара су ішкенім артық еді ғой. Құдай, бар болсаң менің осы қорлығымды мына дүниеқоңыз жалмауыздың басына бер. Машина апатына ұшырап екі аяғың сынсын, Арыстан! Жұлының үзіліп, қалған өмірің ит қорлықта өтсін, Арыстан! Ойбай-ай, ойбай, осы тілегімді бере гөр тәңірім!

Оның қарғысына қараған Арыстан жоқ арсың-гүрсің басып шығып кетті.

Осы қарғыстың қырсығы ма, әлде тағдыр жазуы солай ма, шынында Арыстан он бес күннен кейін машина апатына ұшырады. Жұлыны үзіліп, екі аяғы сынды. Дәрігерлердің және көп ақшаның күшімен ғана жаны қалды. Бірақ орнынан қозғала алмайды. Күнұзақ төбеге қарап жатады да қояды. Не ойлайды екен? Айман пәтерін сатып ақыры қарызынан құтылды. Енді тек проценті ғана бар. Қазір базарда сауда жасайды, үй жалдап тұрады.

Қарлығашты сиректеу көріп тұрады. Машинаны қазір Қарлығаш өзі жүргізетін болған. Көбіне саунада, ресторанда жүреді. Арыстанда көп шаруасы жоқ. Айманның қарғысы туралы білмейді. Қазақтың "жүйелі қарғыстың жүйесін табады, жүйесіз қарғыс иесін табады" дегені рас па екен?

Пікір қалдыру үшін тіркелу қажет...