Маскүнем келіншек, мөлдір махаббат

 

maskynemҚызметке барарда күн сайын көк базардың қасынан өтемін. Бұл жерде таң атпай араққа тойып алып, қызара бөртіп жүрген алқаштардың түрі бар. Қазақ та, орыс та жетерлік. Мысалы, мына жердегі қаба сақал қолына баянын алып күн сайын сарнатады да отырады. Бір кез соның қасына келіп бір әдемі келіншек билейді. Талшыбықтай денесінде бір мін жоқ, қолмен қашап жасалғандай. Әдемі де тұңғиық көзінде ауыр мұң бар. Киімі де бүп-бүтін. Тек арақ ішеді. Бір кезде оны қияқ мұртты, ұзын бойлы ақсары жігіт келіп ертіп кетті. Кейде әйел оған көнбейді. Жігіт жалынады. Жалбарынады. "Әсем, Әсем" деп үздігіп тұрғанына қарап әдемі келіншектің аты Әсем деп топшылаймын. "Неге ішеді екен?" деп ойлаймын.

Журналист байғұс та жел аударған қаңбақ сияқты, бүгін мында, ертең анда, аттың жалы, түйенің қомында шауып жүреді ғой. Біраз күн іс-сапарда болып, қызметке келе жатқанмын. Кенет көзім жол жиегінде отырған қияқ мұртты жігітке түсіп кетті. Жүзі жүдеу, жақ жүні өсіп кеткен. Қатты аяп кеттім. Еріксіз қасына тоқтадым.

"Саған не керек?" дегендей ол маған бір қарады да отыра берді. Мен жігітті әңгімеге тартып, оны-мұны айтып, көңілін жұбатпақ болдым. Ол үндеген жоқ. Әдемі келіншек туралы айтып, оның аты Әсем бе? деп сұрадым. Кенет жігіт жұлып алғандай:

-Иә, оның аты Әсем еді. Өзі де Әсем десе әсем болатын. Журналистердің көзі қырағы болады, күнде көріп жүреді екенсіз ғой. Бірақ ол енді бұл дүниеде жоқ, осыдан бір апта бұрын өліп қалды,- деді.

-Қа-қал-айша?- дедім мен тұтығып.

- Тыңдаңыз. Менің атым Арман. Мамандығым -оқытушылық. ҚазПИ-ді бітірдім. Осыдан он жыл бұрын. Сол жылы осы Әсеммен таныстым. Ерекше жаралған жан еді. Бір дүкенде сатушы болып істейді екен. Өзін құлай сүйдім. Ол да мені ұнатты. Алғашқы жылдары бәрі жақсы болды. Осы бақыт таусылмастай көрінген. Бірақ баламыз болмады. Екінің бірі білмес, бұл өзінше трагедия екен. Бұдан әсіресе, Әсем қатты зардап шекті. Айырылысайық деді. Мен шошып кеттім.

- Жаным, сенің өзің баласың, бізге бала неге керек?-дедім жұбатып. Соңғы жылдары ол арақ іше бастады. Жүйке ауруына ұшырады. Емдетейін десем көнбеді. Бәріне шыдадым. Өмір бойы шыдауға да бар едім. Өлерінен екі күн бұрын арақты аузына алмады. Үй-ішін жинастырды. Моншаға барды. Көптен бері шешіле әңгімелесіп, емен-жарқын жүрдік. Ал екі күннен соң... "Арман, кешір, бұдан әрі шыдай алар емеспін" деп хат жазып тастапты да, терезе жақтауына асылып қалыпты. Бары осы.

Жігіт үнсіз қыстыға жылап жіберді. Екі иығы селк-селк етеді. Мен не айтарымды білмедім. Біздің заманымызда махаббат жоқ деп жүргеніміз бекер екен ғой. Жоқ болса, мына Арман осылай жылап отырар ма еді? Көз алдым тұманданып кетті. "Неге бұлай істедің, Әсем?" дедім жігіттің қасынан ұзай бере,-Арманды шырылдатып жалғыз тастағаның не болғаның? О, махаббат, сен бар екенсің. Сен Арманның жүрегінде екенсің.

Мен меңіреу қалыпта редакцияға жеткенде сағат танертеңгі 10-ды соқты.

Пікір қалдыру үшін тіркелу қажет...

Comments  

 
+5 #1 Эльмира 2016-02-20 10:50
Махаббат...не деген махаббат...жакс ы жазыпсыз...пара кша ашканыныз куантты
 
 
+4 #2 Арқалық 2016-02-20 12:02
Арман не болады енді :(
 
 
+1 #3 айганым 2016-02-24 13:58
Жанат ханым парақшаңыз шынайылыққа толы екен.рахмет. Махаббатқа адалда мәңгі берік жастарымыз көп болғай.