Әншіге ғашық келіншек

 

anshiАйгүл бүгін де ерте тұрды. Басы мең-зең. Соңғы жылдар, айлар, күндер бұл үшін азаппен өтуде. Неге ұмыта алмайды оны? Ол мұны сүймейді ғой. Мейлі, есесіне бұл сүйеді оны. Өле-өлгенше, әбден көрге кіргенше сүйе береді. Кенет радиодан алдымен сылқым музыка естілді де соңынан әсем ән асқақтай жөнелді.

Жапырағын желге тосып,

Баяғыша тұр ақ қайың.
Айтам сені әнге қосып,
Қайтып сені ұмытайын?
 
Шат кезімде күнде көрген,
Тауды қалай ұмытайын. 
Өзіңменен бірге жүрген
Бауды қалай ұмытпайын?

Селк ете түсті Айгүл. "Мынау сол, соның даусы". Көз жасы сырт-сырт етіп дастарханға тамды. Жүрегі шаншып, көздері қарауытып кетті. Екі рет ұмтылып барып радионы сөндіріп тастады. Бірақ сәлден кейін қайта қосты. Әнші даусы сағына, құмыға шығады.

Шаңқай түcтe шалқып жатқан,

Көлді қалай ұмытайын?

Сені маған жолықтырған,

Жолды қалай ұмытайын?

Бұл не құдірет, не ғажап! Содан бері қанша жыл өтті арада. Ұмытар кезі болды ғой. Неге өзін-өзі қинай береді бұл? Әлде көзсіз махаббат деген осы ма? Қалай басталып еді өзі?

Айгүл көзін ашқаннан жетімдіктің соры бес елі өткелегінің бәрінен етті. Бұл екіге толған кезде анасы әкесін тастап басқа біреуге тиіп кетті. Арақтың құлы болған әкесі байғұс та арада бірер жыл өткенде сотталып кетіпті. Бұл атасы мен әжесінің қолында өсті. Көрмегенді көрді. Қабырғасы қатпай жатып мал соңында салпақтады. Ақыры онжылдықты бітірген бойда Алматыға тартты. Сырттай ҚазМУ-ге оқуға түсті. Көп кешікпей мәдениет министрлігінің жатақханасына жұмысқа орналасты. Сол жерден бөлме де алды. Қысқасы, бұл үшін өмір қалыпты арнасына түсе бастады. Небір ығай мен сығай өнер адамдарының ортасы шынымен көңілді еді. Бұрын өңдерін тек радиодан тыңдап жүретін талай әншілермен танысып, көбімен дәмдес те болды. Жан-дүниесі жасарып, басқа бір өмірге енгендей күй кешті.

Көп ұзамай солардың бірімен көңіл қосып, тұрмысқа да шықты. Бірақ бұнысы баянды болмады, екі-үш жылдан соң ажырасып кетті. Оған екеуі де онша қайғырған жоқ, себебі екеуінің жан-дүниесі екі басқа-тұғын...

Оның үстіне кілең өнерпаздардың ортасы керемет көңілді еді. Күнде ахахау, күнде охохау, ән де, күй де, би де осында. Қыдырыс, ішіп-жеу, көңіл көтеру ананы-мынаны ойлауға мүмкіндік те бермеді. Сондай күндердің бірінде жатақханаға қасы-көзі қиылған, қияқ мұртты, соңғы кезде өздері әндерін жиі естіп жүрген әнші жігіт Арман келіп орналасты. Бұл оған бір көргеннен ғашық болды да қалды. Ғашық болғанда да сұмдық. Өзін-өзі мүлдем ұмытты. Бірақ Арманда оны білетіндей күй болған жоқ. Аты көпшілікке енді-енді танымал бола бастаған жас жігіт өзінше болып-толып, есіріп, арақ ішіп аза бастаған екен. Таңертең мұнтаздай болып кеткенмен кешке жар жағалап азар келеді. Кейде көшеде жатқан жерінен біреулер әкеліп тастайды.

Сондай күндердің бірінде Айгүл бір апайының үйіне барып кештеу оралса жатақхананың сыртында әкесінің үйінде жатқандай қорылдап Арман жатыр. Біреулер киімдерін шешіндіріп алып кетіпті. Жанұшырып ішке әрең кіргізді. Жуындырды. Жылы киім кигізді. Жылы жерге келген соң анаған жан кіре бастады.

-Арақ әкелші.

Бүгінде арақ табу қиын ба, жүгіріп барып дүңгіршектің бірінен арақ алып келді. Екі-үш рюмкені тастап жіберіп барып Арман басын көтерді.

-Бері келші.

Бұл қымсына жақындағаны сол еді, әлеуетті қол өзіне тартып алды да отты құшағына басты. Шиедей қызара албырап тұрған ернін жұлып алардай құшарлана сүйді. Омырауы ашықтау қызыл гүлді халаттың ілгектері бырт-бырт үзілді. Көптен оған ынтызар келіншектің көңілі судай тасып, арнасына сыймай лықси төгілді. Араққа тойып алған мас жігіт сол түні білгенін істеді. Оған қой деген бұл болмады.

Себебі құштарлық оты мұны да өртеп, өзін-өзі ұмыттырып жіберген еді. Оңаша бөлмеде тояттарын әбден басып болғанда таң да қылаң берді.

Содан Арман осы бөлмеде екі күн, екі түн жатты. Бұл зыр жүгіріп оны бастан-аяқ мұнтаздай киіндірді. Осыдан бастап екеуі тұрақты кездесіп тұратын болды. Бұған Арман болса дүние тегіс.

Оның бетінің көлкілдеп іскенін де, арақтың құлы болғанын да, қызметтен қуылғанын да елеп жатпады. Тапқан-таянғанын соның аузына тосты.

Бірақ бұл ұзаққа бармады. Әнші жігіт біраздан бері басқа бір келіншектің қолында тұратын болып шықты. Ара-тұра зым-зия жоғалады. Бір-екі рет бұл телефон шалып еді, екеуі қатты сөзге келіп қалды. Іздеп те барды. Анау арақ аузына тисе бері шабады, сауықса кері кетеді. Осылай біраз жыл өтті. Бұған екеуі де үйренді.

Бірде Арманнан ұзақ уақыт еш хабар болмады. Бұл телефон шалып еді, ол ана әйелмен бірге Көкшетауға кетіп қалған болып шықты. Төбесінен жәй түскендей болды. Мұнымен қоштасуға да жарамапты. Неге? Не үшін? Рас, мұны ол сүйген жоқ, бірақ жек көрмейтін де еді ғой. Мұның шын сүйетінін білетін еді ғой.

Айгүл Көкшетауда Арман қызметке орналасады-ау деген талай жерге телефон шалды. Таба алмады. Ақыры үмітін үзді. Арман сол кеткеннен мол кетті. Ана әйелдің бірге кеткеніне қарағанда ол сол әйелді сүйетін болғаны ғой. Талай түнді ұйқысыз өткізді, талай таңды жылап жатып атырды. Бұдан бірақ ешқандай жеңілдік болған жоқ.

Күндер, айлар, жылдар сағымдай зулап өте берді. Жасы қырықтың қырқасына келді. Ендігі алданышы-әнші жігітінің әндері. Теледидардан көрсе кірпік қақпай қарап отырады. Көз жасын ішіне жұтады. Радиодан даусын естісе де жылайды. Сағынады. Бір көрсем дейді. Бұл махаббат па, сағыныш па, оны де білмейді. Өткенде радионы ашып қалса Арман айтып жатыр екен. 

Өзіңді жетектеп күлімдеп,

Жөнелсем ақ таңнан may жаққа.

Бәрі де жырым боп, мұңым боп,

Бәрі де қайтейін қалды артта.

 

Үмітпен шуақты,

Қараймын келер деп жолыңа,

Бақытым сияқты, арманым сияқты,

Ұшып кеп қонсаңшы қолыма.

 

Жылап отырып тыңдады әнді. Келе алмай жүрген екен ғой. Ана әйел жібермейтін шығар. Қайдан тапса екен. Ай, Арман-ай, жаным-ай, бір хабарыңды берсеңші.

Содан көп сенбесе де бір құмалақшыға барған. Ол мұның бүкіл өмір жолын айтып сарнай жөнелді. Бәрі тұп-тура, құдды қасында жүргендей. Сөзінің соңында ол бұл ғашық болған жігітпен күндердің күнінде бірге боласың деп сендіреді. О, сол күні мұның қуанышында шек болмады ғой. Далаға жүгіріп шықты. Айқайлап ән салғысы келді. Күледі, күледі де жылайды.

Содан бері өмір қап-қара бояуынан ағара бастағандай бұл үшін. Қайтадан өзіне-өзі қарап, боянып-сылана бастады. Жаңа киімдер сатып алды. Шашын қидырып, әдемілеп бояды.

Бірақ Арман келер болмады. Сөйтіп сағыныштан сарғайып жүргенде Алматыда "Тамашаның" концерті болады екен, соған Арман келеді екен деген хабар естілді. Бұл сол күнді асыға күтіп жүрді. Енді екі аптадан кейін бұл Арманмен, өмірінің мәні мен мағынасына айналған жанмен кездеспек. Мүмкін құмалақшының айтқаны келер.

Орнынан тұра беріп еді "Арман Құрманғалиевтың орындауында жаңа ән беріледі" деп жатыр екен диктор. Соның арасынша бұл өле ғашық болған әнші жігіттің даусы да естілді.

Мәңгі бақи қосылуды қимаған,

Қатал тағдыр екеумізді қинаған.

Махаббаттың біз періште сезімі,

Тасығанмен қайта арнаға сыймаған.

Мәңгі бақи қосылмаймыз екеуміз,

Сағынамыз бірімізді біріміз.

Бірақ, бірақ қосылмаймыз екеуміз.

Қозы Көрпеш Баяндаймыз жылаған,

Бір өмірміз бірін-бірі қимаған.

Өкінумен, жабығумен күн кешкен,

Біз екеуміз ғашықтармыз жылаған.

Үнсіз егіліп отыр. "Шын ғашықтар қосылмайды" деген рас екен ғой. Сонда оны мәңгі жоғалтқаным ба? Қой, не де болса келуін күтейін. Өзімен сөйлесейін. Бәлки тұрмысында қиындықтар кездескен шығар?

Сүйген жүрек алдамас. Ол сүймегенмен мен сүйем ғой. Әлде бәрі далбаса ма?

Терезеден тысқа көз салды. Алматының қоңыр күзі тым көңілсіз, тым сұрғылт. Жапырақтар сарғайып түсіп жатыр. Осы кезде үнсіз егіліп отырған келіншектің көз жасына ортақтасқысы келгендей тырс-тырс етіп жаңбыр да жауа бастады...

Пікір қалдыру үшін тіркелу қажет...

Comments  

 
+2 #1 Гаухар 2016-02-20 12:29
Салем, Жанат. Еңбегің жемісті болсын. Құтты болсын!