ХХІ ғасырдың адамы

 

XXI gasir_adamiБүгін күн жексенбі. Басқалар болса көсіліп салып ұйықтап жатар еді. Бірақ Сәрсен олай ете алмайды. Олай етуге хақысы жоқ. Себебі мамандығы, дұрысы көбісі солай. Орман егері күндіз-түні, ертелі-кеш ат үстінде жүруі керек. Оның үстіне қазір адамдар әбден ашкөзденіп алған. Мылтықтарын шошандатып, реті келсе аң-құстарды қырып кетеді. Ағаштарды кесіп, тиеп алады. Мына өртеңгір заман да бір жағынан қылбұрауға салып, өртеп-ақ түр. Қайда да ұшынған баға. Акшаның соңынан ала өкпе болған адамдар. Ия, ішкенің алдыңда, ішпегенің артыңда болған сол бір мамыражай заман да өтті-кетті. Адамдар мықтап есірді. Шашты-төкті. Көздерін шел басты. Жерде жатқан нанды теуіп өтетін болды. Байлық- бәсеке таластырды. Қара "бай болсам", бай "Құдай болсам" деп аласұрды. Бірақ Алла бәрін де көріп отырды. "Е, байғұс адамдар-ай, қашанғы талтаңдар екенсің, ертең-ақ күнің бір уыс болар, әлі",- деп адамдарды аяудай-ақ аяды. Болмады. Жұрт бардың қадірін білмеді. Болған үстіне болса, толған үстіне толса деді. Сөйтіп жүріп айдыны шалқыған Аралды құртты. Ана жақтан Балқашқа тықыр таянды. Мына жақтан Каспийді жұлмалады. Өр Алтайдың бар байлығы - небір орман, аң-құсы, марал, бұғысы, олардың алтынға пара-пар мүйізі құрып кетуге қалды.

Бұл әскерден, сонау Владивостоктан келген жылы - дәл сексен бесінші жылға тап келді. Жасынан зерек Сәрсен жалғыз анасының жайына алаңдап, оқуға да бара алмады. Бірақ бұл әскерде жүргенде аяулы анасы қайтыс болды. Топырақ салып қана үлгерді. Сол 85-те Өскеменге келіп еді, оқуға түсе алмады. Оған көп ақша керек екен. Содан көп ойланбастан осы өзі туған ауданға келіп егерь болып жұмысқа орналасты. Жаны жүдеп жүрген жас жігітке мынау мүлгіген табиғат, орман-тау, өзен-көл, мөлдір бұлақ қатты ұнады. Кім айтса да адам мен табиғатты егіз деп бекер айтпаған екен. Мынау Алтайдың өр шыңдары, қалың ағаштары, жүгірген аң-құстары екінші үйіне айналды. Орман ішіндегі жалғыз үйін жақсы етіп жөндеп алды. Іші-сыртын қаладағы үйлердей сәндендірді. Ауыз бөлмедегі темір пешке отын салып қойып, ойланып отырғанды қатты ұнатушы еді. Ойлағанда мына тылсым тіршілік туралы ойланатын.

Сондай күндердің бірінде түске қарай күрең төбелімен орман шетіндегі кең жазыққа қарай келе жатқан. Кенет ортадағы алаңқайдан гүжілдеген бір топ адамның даусын естіді. Сірә, демалысқа қыдырып келгендер болса керек. Соның арасынша тап қасындағы ағаш арасынан шар еткен қыздың дауысы естілді. Ойбайын салып жатыр. Жәндармен жетіп барса, еліктің лағындай қызды божбан қара бір жігіт жұлмалап, зорламақшы болып жатыр екен. Көйлегінің алдын жыртып жіберіпті. Араққа әбден тойып алған жігіттің түрі әлемтапырық. Ойындағысын істемей қоймайтын сынайы бар.

-Өй, жігітім, тоқтат! Мынау не масқара! Кенеттен ту сыртынан шыққан дауыстан сасып қалған оның қолынан босаған қыз жүгіріп келіп мұның артына тығылды.

-Құтқарыңызшы, ағатай! Мынау мені алдап әкеліп, зорламақшы болды.

Қыз қыстыға жылап тұр. Әрі-сәрі тұрып қалқан ана божбан қара есін жаңа жинағандай енді бұған қадалды.

-Өй, шал, сен кімсің, өзі? Давай, жаның барында қайқай! Әйтпесе, қазір жанынды жаһаннамға жіберем!

Мылтығы ат үстінде қалған. Мына божбан қара да осал жау бола қоймас. Бірақәскерде 3 жыл десант бөлімінде қызмет еткен Сәрсен де оңай шағылатын жаңғақемес. Каратэ, дзю-до, таэквандо әдістерін жетік меңгерген.

Божбан қара екі соққаннан қалған жоқ, жерге гүрс ете түсті. Байғұстың құр аузы екен сайрайтын.

Сәрсеннің қыздан сұрап білгені, мыналар оншақты адам қаладағы кіл мықтылардың балалары екен. Екі-үш машинаға мініп, демалыс сайын осылай сайран салу әдеттеріне айналған. Қазір де ішіп-жеп жатқан болу керек. Мына божбан қара сауда басқармасы бастығының ұлы екен. Өткен жолы бір құрбысына еріп келген бұған, яғни Бибігүлге аш күзендей жабысыпты.

-Ендеше, жүріңіз, аналарға барайык,- деді Сәрсен.

Айнала ат көпір. Көк шөп тапталған. Шашылған темекі тұқылы, жыртылған қағаз. Шөлмектер, бос қалбырлар үйіліп жатыр. Ошақта от жанып тұр. Айнала күйік иісі шығады.

-Мынау не жын-ойнақ?

Сәрсен мен қызды оншақты жартылай жалаңаш денелер қарсы алды. Кілең жас жігіттер мен қыздар. Ауыздарында шылым бұрқырайды.

-Әй, сен кімсің?

Кішкене бәкене денелі, үкі тұмсық сары шіңк етті.

-Мен егерьмін. Осы орманды күзетемін.

-Е, онда мында кел. Отыр. Бізде тамақ, арақ жетеді. Мына "Распутиннен" іш. Орманда жападан-жалғыз небір жетісіп жүрмін дейсің.

-Жоқ, отыра алмаймын. Сіздерге де кетугетура келеді. Мына табиғатты бүлдіргендеріңіз үшін айып төлейсіздер.

- Сен не деп былжырап тұрсың? Табиғатың не айтып тұрған. Өзін сақалың сапсиып, XIX ғасырдан келіп тұрған адамсың ба, а? Қазір біліп кой, XX ғасыр да бітуге қалды. Іш, же, ойна, күл. Цивилизация. Болмаса әй-да, қайқай бұл жерден. Табаныңды жалтырат!

-Егер мына орман өртенсе, бастарың кетеді. Одан да жиналыңдар. Ұят болар. Тек ана жерде жатқан божбан қараны ұмытып кетпеңдер.

-А, Костик қайда? Оған не болды?

-Аю шабуыл жасапты.

-Ой, шал, давай қалжыңдама! Егерь болсаң озіңе. Арақішпесең, отырмасаң, жөніңді тап! Біздің демалысымыздың шырқын бұзба! Біз мұнда ойнап-күлуге келдік. Мына қыздарға қарашы өзің. Керемет кой, шіркін!

-Он минут уақыт берем.

Қолында ұзын селебе пышағы бар ешкінің асығындай сылыңғыр қара кенет бұған беттеді. Өңі қарауытып кеткен.

Сәрсен мылтығын жұлып алды да,оның төбесінен асыра гүрс еткізді. Қыздар жағы шыңғырып жатыр.

-Атпаңызшы, ағатай!

Қасындағы Бибігүлдің бота көздері жаудырап, бұған үрке қарайды. Жалынып тұр.

-Жоқ, атпаймын. Тек жай ғана қорқытайын дегенім ғой.

"Жалмауызға да жан керек" дегендей, аналар апыл-ғұпыл киініп алып, безе жөнелді. Бибігүл де бұған алғысын білдіріп, өзінің орталық универмагта сатушы боп жұмыс істейтінін айтып қана үлгерді.

Содан көп кешікпей, сақал-мұртын қырып, соңғы сәнмен "слакси" шалбары мен ала көйлегін киіп барғанда Бибігүл оны танымай қалған. Таныған соң күліп жатыр. Сақал-мұртын қырмай бос жіберген мұны орманда кездескенде үлкен кісі деп ойлап қалыпты. Өзіндей жас жігіт екенін көргенде қатты таңғалды.

"Жас жастың тілегі бір, жібектің түйіні бір" дегендей Сәрсен мен Бибігүл содан бір-біріне жақын тартып кеткен. Талай түн табиғаттың тылсым құшағында сыр шертіскен. Бұқтырманың жағасында тұрып алғаш рет сүйіскен. Бал еріннің шырын дәмін Сәрсен сонда татқан. Бибігүл сәмбі талдай солқылдаған, бұраң бел, құралай көз сұлу ғажап қыз еді. Қара шашы мойнына төгіліп, мөлдірей қарағанда Сәрсеннің жүрегі аузына тығылатын.

Ақыры бір жыл дегенде екеуі қосылған. Бибігүлдің ата-анасы қарапайым еңбек адамдары екен. Ұзын бойлы, бұйра шашты, кескінді жігіт оларға да бірден ұнады. Сонымен міне, 3 жылдан бері екі жас орман ішіндегі Сәрсеннің үйінде тұрып жатыр. Асқар, Айжан есімді екі бөбегі бар.

Бибігүл кейде еркелегенде мұны: "XIX ғасырдың адамы" деп атайды. Бұл оған ренжімейді. Себебі бар тілеуі осы табиғат үстінде. Сол XIX ғасырдағы табиғат бар ма қазір? Қайда? Жоққой. Жер тозған, табиғат азған. Өзен-көл суалған. Ал осы табиғат азған екен деп қалай қол қусырып отыруға болады? Бұл сөйтсе, басқалар да үндемесе, ертең табиғат- жер-бесік не болмак? Сондықтан да Сәрсен Омаров бүкіл өмірін осы табиғатты қорғауға арнайды. Шіркін, орман ішінде келе жатып, мына қайың, шырша, сәмбі талдардың, төбеде ән салған неше түрлі құстардыңүніне құлак салған адам қандай бақытты! Өкініштісі,осы бақытты екінің бірі білмейді.

Рас, қазір табиғат қорғаушыларға да оңай емес. Мылтығын оқтап, сойылын саптап отырғандар аз емес. Кейде "ағаш кесіп алайын, үй салатын едім" деп ақша тықпалайтындарын қайтерсің. Осыдан екі ай бұрын мынадай жағдай болған. Бұл ертелетіп атына мініп орманды аралап келе жатса, бір топ адам "КамАЗ" автомашинасына толтырып ағаш тиеп алып, кеткелі жатыр екен. Рұқсат қағаздары жоқ. Содан мұртты жігіт, сірә, басшылары болса керек, әйда жалынсын келіп. Тіпті машинасынан алып әйелдің жылы терілі күртесін де бермек болды. "Бибігүлге жақсы екен" деген бір ой санасында сумаң етті де, өше қалды. "Жоқ, дүниеге қызығып, орман байлығын беріп жібергенім адамшылыққа жатпас" деп ол ойынан тез айныған-ды. Әркім келіп машиналап ағаш тиеп алып кете берсе, мына орманнан ертең не қалады? Рас, бұлар сынған, қураған ағаштарды есептеп, кесіп, шаруашылыктарға сатады. Одан түсетін пайда да аз емес. Ал дұрыс өсіп тұрған ағашты кесуге рұқсат жоқ. Онсыз да қазір көмір қымбат, мына заманда отындық ағаш іздегендер жосып жүр. Соңғы жылдары қайта орманшылар, егерьлер көбейді. Егер бұлар болмаса, орманды бір күнде отап кетуден тайынбайтындар да бар.

Әсіресе, аң-құстарға обал. Жаз болса болды, аңшылар қаптап кетеді. Олардың талайын Сәрсен шырылдатып ұстап алып, айып та салған. Тіпті елік, бұғы атып алатындар да бар. Мына қайта құру басталып, шет елдерге, әсіресе, Қытайға барушылар көбейгелі бұғы мүйізі алтыннан да қымбат. Оңай олжа қуғандар содан бері қаптап кетті. Олардың көбі қаруланып жүреді. Егер алда-жалда жалғыз-жарым кездессең, атып кетуден де тайынбайды. Ондайда рация арқылы басқаларды шақыруға тура келеді. Кейде атысқан да күндері болған. Мұны сыртынан боқтап, тісін қайрап жүргендер де аз емес. Әйтеуір әзірге көлденеңнен аман. Соңғы кезде Бибігүл "Бұл қауіпті жұмысты таста, бала-шағаң бар, қазір заман да қиын болып тұр, не деп болады?" деп қояды. Ондайда бұл күліп: "Қорықпа, мен болмасам басқа біреу жасау керек қой бұл жұмысты. Адам маңдайға жазғанды көреді. Сақболуға тырысармын",- деп жұбатады. Қолында қаруы бар, күрестің бірнеше түрін білетін бұл өзіне сенімді.

Қазір орманға барса, аң-құстар алдынан өре шығып сәлемдескендей болады. Талай рет көздері жәудіреп жатқан еліктерді, ақ бөкен, бұғыларды емдеп, сауықтырып жіберген. Күнде қастарында жүрген соң тани ма, бұдан көп қашпайды. Құстардың үнін тыңдап, орман ішіне кіріп келгенде жаны жадырап, қым-қуыт тірліктегі барлық ренішін ұмытады. Реніш болғанда басшыларға ренжиді. Қазір қолдарынан түк келмейтіндер жайлы креслоларды жастанып, билік басында отыр. Және олар тек отырмайды, айналаларына жақын-жуықтарын толтырып, жылы-жұмсаққа кеңірдектеп отыр. Кейде демалыс күндерібалпаңдап аң аулауға келетіндері бар. Қолдарында рұқсат кағаздары болғасын бұл үндей алмайды, діңкесі құриды. Бастықтың аты бастық, не істесін. Тек сырттарынан кіжінеді де қояды. Қазір бүкіл елде барлық істің оңбай жатқаны да осылардың кесірі. Әзір мұнымен халықтың жағдайы жаксара қоймас. Тәртіп жоқ. Қылмыс көп. Ел азып барады. Сәрсен сияқты жалғыз-жарым адам шырылдағанда не табады? Кейде қолын бір сілтеп, өз мамандығы - шөпірлікке де кеткісі келеді. Бірақ табиғатты сүйеді. Бұл үшін табиғат аясы - екінші үйі. Қимайды. Сондықтан қанша қауіпті болса да бұл кәсібін тастамасқа бекінген. Егерьлерде тіпті демалыс деген болмайды. Әйтеуір бір жылдың демалысында Өскеменге барып қыдырып қайтады. Соның өзінде мұнда сағынып жетеді. Туған жер табиғаты не деген ыстық десеңізші! Осыны көп адам білмейді ғой, әттең!

Біз Сәрсен екеуміз Алматының кең көшесінде әңгімелесіп келеміз. Қазір ол совхоз орталығында тұрады екен. Өскемендегі бір институтқа сырттай оқуға түсіпті. Асқар биыл бірінші класқа барыпты. Бибігүл дүкенде жасайды екен. Қысқасы, кешегі жалғыз жігіт бүгін ошағы маздаған үлкен бір шаңыраққа айналған.

-Біздің жұмыс қауіпті де ғой, аға,- дейді Сәрсен күлімсіреп,- қазір жұрттың бәрінде қару бар. Бірақ "қасқырдан қорыққан орманға бармайды" дегендей, қол қусырып отыруға бола ма? Біздің қатарымыз өсіп келеді. Табиғат қорғауға көп жастарымыз белсенді үлес қосып жүр. Табиғат-біздің анамыз, тіршілігіміздің тірегі ғой. Оны қорғау әр адамның парызы деп білемін...

Мен Сәрсенмен жақында таныстым. Астанада өтетін мәжіліске келген соң редакцияға соға кетпекші болған екен. Міне, өмір қандай күрделі, қызық! Мына тосын кездесу мені қатты толқытып жіберді. Жер-жерде осындай "XIX ғасырдың адамдары" көп болса ғой, шіркін, аз жылда табиғатты төрт аяғынан тік тұрғызар едік-ау! Аяғын нық басып бара жатқан Сәрсеннің артынан қызыға қарап ұзақ тұрдым...

Пікір қалдыру үшін тіркелу қажет...