Студенттер

 

studentsЖүрегі дір ете түсті. Айбану тағы да оның суретіне қарап отыр әне. Күлімсіреп, әндетіп қояды. "Есімде сол бір кез, жағасы бұлақтың..." "Бұлақтың жағасы" дейді, иә, анада алғаш Қасыммен кездескен күнін әңгімелегеннен кейін қоймап еді осы әнді. Бүгін тағы да айтып отыр.

Оның ойын көрші бөлмедегі Марияның есіктен қарап: "Айбану, сені шақырады" деген үні бөліп жіберді. "Тағы да келген екен ғой". Кеудесі шымыр ете түскендей болды. Терезеге қарады.

Ал Айбану асыға қоймады. Тіпті кейде шығып болмайды. Қасым шақырса әмәнда өстеді. Шашын тарайды, көзін айнаға қарап тұрып екі-үш рет төңкеріп, айналдырады. Ерніне далап жағады. Сосын оқтаудай түп-түзу аяғының ұшына қып-қызыл өрнекті төпішкесін іліп, сыртқа беттейді. Қасым мұндайда Айбануға ренжісе екен деп тілейді бұл кейде. Сонда Айбану бөлмеге үнсіз қайтып келіп отырар еді де, Қасым үйіне жалғыз қайтар еді. Бірақ өйтпейді Қасым, олар бірге кетеді.

Жалғыз қалады бұл. Бүгін де солай болар, сірә. Жатақханада бірге жататын Балжан мана осындағы апасының үйіне, Ақсұлу анада ауылдасым деген бір ұзын жігітпен киноға кеткен. Барғысы келмеп еді, ана жігіт жабысып: "Махаббат, махаббат, махаббат" деген керемет үнді фильмі болады, жүрсеңші" деп жалынған соң амал жоқ ерген. Міне, Айбану болса тағы кетіп барады. Кіммен десейші, бұл өлердей сүйетін ана Қасым деген жігітпен... Қасыммен... Неге ол... Неге мен емес...

Терезеге қарады. Мөлдір тамшылар жосып барады екен. Құдды адамның көз жасы сияқты... Тағы да жаңбыр жауды-ау, и, осы бір Алматының көктемгі табиғаты-ай. Тіксініп қалды. Есіне осы Қасымның бірде Айбануды іздеп келгені түсті. Онда да шақыра келген осы Мария болатын. "Айбану, неге ол күн сайын келеді, сабағы қайда? А-һа, білдім. Шойынқара, Шойынқараның ойын қара",- деп бір айқайлап кеткен. Айбану жыламсырағандай болған.

Сол күні үшеуі Медеуге барды. Қасым ақын жанды, биязы, сабырлы мінезді жігіт екен. Тек бір айыбы түсі қаралау. Шашы қысқа екен, тек соңғы мезгілде Айбану "соңғы мода ғой, шашыңды өсіріп жібер" деген соң жалбыратып шаш қойыпты. Онысы үйлесетін де сияқты өзіне.

Сонда да Айбану оның бойынан бір мін тауып, ретті-ретсіз жерінде шалқая береді. Ал Қасым болса бұл дегенде жанын беруге бар. Сол Қасым бұған керім ұнайды. Әсіресе, күлгенде бар ғой керемет.

Анада бірде Айбану болмай қалып, Қасым жатақхананың іргесіндегі "Қазақстан" кинотеатрына билет алып келген соң екеуі киноға барған. "Ғашықтар" деген фильм екеуіне де катты ұнап еді. Сонда тұңғыш рет иық түйістіріп, екеуі қатар отырды. Айбану жоқ...

Қатар келе жатты ғой. Бір уақытта Қасым оның қолынан ұстады. Жүрегі дір ете түскен. Алақаны жып-жылы екен. Бұл жігітке қарап күлімсіреп еді, оны жігіт аңғарған жоқ...

Содан кейін олармен бірге жүруден бас тартқан. Жан-дүниесінде бір мұңды саз оянып, кереметтей қызғаныш тұла бойын сыздатып, терең ойға батырып қойған оны. Сонда не ойлап отырғанын кейде өзге түгілі өзі де аңғармай қалушы еді. Бірақ көп ойлайтын. Ылғи да Қасым туралы. "Айбану қандай бақытты қыз" деп оның бақыттылығын қызғанса, сол Айбану "Айгүл, сен қандай бақыттысың, ешкім мазаламайды, өзіңмен өзіңсің" дейтін бұған.

Терезеге қарады. Әне кетіп барады олар. Қолтықтасып алыпты...

Айгүлдің көзі қарауытып кетті. Ақ жүзінен екі моншақ сырғып барып, терезе алдында жатқан кітапқа тамды.

Ол солқылдап жылап жіберді. Сырттан терезені жаңбырдың ірі тамшылары ұрады. Айгүл орнынан тұрып, алдында тұрған кітапты жауып, төсегіне қисайды.

Ол бәрін де ұмытқысы келді. "Ұмытам" деді өзіне-өзі, сөйтіп жатып ұйықтап кетті.

Бұл кезде Қасым мен Айбану жастардың сүйікті әншісі Мақпал Жүнісованың әсем әнін құмарта тыңдап, сүйсіне қол соғумен отырған.

Пікір қалдыру үшін тіркелу қажет...

Comments  

 
#1 Мақпал 2016-02-21 21:16
Тамаша