Ақ жол саған тіледім, қызым!

 

zhanatkaЖАНАТҚА

 Ерке өскен елігі едің даланың,

Үйден кетіп бара жатсың қарағым.

Бір көpyгe бермес едім, қайтейін,

Болмай тұр ғой, болмай тұр ғой амалым.

 


Асыр салған күні кеше бала едің,

Әке үйінің шырқар әсем әні едің.

Төрт баланың ішіндегі кенжесі,

Жанатжаным, өзің бөлек дара едің.

 

Құрттайыңнан өскеніңмен ерке боп,

Мектепте де оқып едің сен бөлек.

Ойламаппыз әкетер деп бір күні,

Туған үйден айырып ап жол бөлек.

 

Жастайыннан қатарыңнан қалмадың,

Биік болды алға қойған арманың.

Қанат қағып ұлы өмірдің көшінде,

Талаптанып қияларға самғадың.

 

Қаз ГУ-де оқып білім алдың құнарлы,

Қызыл диплом алдың көптің боп алды.

Бұрқ-сарқ етіп қайнап жатқан мына өмір,

Сені жақсы азамат қып шығарды.

 

Бірақ қанша болғаныңмен дара шың,

Туған үйден кетіп бүгін барасың.

Өз алдыңа отау тігіп, үй болып.

Өз үйіннің шамын енді жағасың.

 

Оңай емес, оңай емес бұл деген,

Талай сындар шығар алдан көлденең.

Ондай кезде анаң болмас қасыңда.

Шай беретін кездеріңде шөлдеген.

 

Өмір сыны қатал-ақ қой расында.

Не болмайды бұл адамның басында.

Мандайыңнан сондай сәтте сипайтын,

Қамқор болар әкең болмас қасында.

 

Өмір жолы тірлік жолы бұралаң,

Не көрмейді осы жолда бұл адам.

Ағай, апай да бола бермес жаныңда,

Кездер болса жабырқаған, жылаған.

 

Кездер болар жалаң аяқ қар басар,

Табылуы мүмкін жандар арбасар.

Достарың да болмас сонда қасыңда,

Мұңыңды айтып, сыр шертісіп сырласар.

 

Сондықтан да Өзіне сен алдымен,

Сабырлы бол, төзімді бол алды кең.

Жаңа ортадан тапқан барлық туыстың,

Жақын тартып сыйласа біл бәрімен.

 

Онда көрер өмір заңы бір бөлек,

Сені күткен дәстүр бөлек, жөн бөлек.

Қимасаң да өз үйіңнің төрінен,

Кетіп бара жатсың бүгін сен бөлек.

 

Енді сенің екі әкең болады,

Енді сенің екі анаң болады.

Қарап тұрсаң мөлдір көлдің бетіне,

Аққулар да екеу боп қонады.

 

Сондықтан да жолың болсын Жанатым,

Өмір бойы қайырылмасын қанатың.

Өрісімді кеңейттің деп қуанам,

Құда тауып, құдағи тауып баратын.

 

Келтірме сен әке атына жаманат,

Ешкімнің де алма көңілін жаралап.

Білместігің болса үлкендер кешірер,

Құда-құдағи, қызым сіздерге аманат.

 

«Жол мұраты-жету» деген рас екен,

«Қыз мұраты-кету» деген рас екен.

Тілейтінім ғұмыр бойы жалындап,

Ошағыңнан оты маздап жанса екен.

 

Ақ отауың құрған бүгін биік боп,

Жақсылықты осы отауға жиып төк.

Қосағыңмен қоса ағар шаңыраққа,

Бірің кереге, ал екіншің уық боп.

 

Жанатжаным, енді саған не дейін,

Ащы өксікке тіреліп тұр көмейім.

Бақытты боп, бақытты бол жан балам,

Ақ жолына аппақ тілек тілейін!

06.07.2007ж.

Пікір қалдыру үшін тіркелу қажет...

Comments  

 
+1 #1 Лариса 2016-02-21 20:13
Керемет өлең! Əке тілегіне жететін ештеңе жоқ қой бұл фəниде
 
 
+2 #2 Лариса 2016-02-21 20:20
Керемет өлең жолдары
 
 
+1 #3 айдана 2016-02-21 20:26
:-?
 
 
+1 #4 Гука 2016-02-21 20:37
Қайран əкелеріміз ай.
 
 
+1 #5 Айгуль Айтова 2016-02-21 21:04
Өлең жолдары өте əсерлі! Əкеңіздің жаны жəнатта болсын! Сенің шаңырағың кең, ұрпағың көп болсын, Жанат сіңілім! Саған əлемнің бар жақсылығын тілеймін!
 
 
+1 #6 Айбек 2016-02-21 23:00
Күшті
 
 
+1 #7 Керемет!!!жаннатта 2016-02-28 01:08
Керемет! Жайы жаннатта болсын!