Коммерсант келіншектің аянышты тағдыры

kommersant

Бақытсыздық, қасірет деген аяқ астында екен. Коммерсант келіншек Ақмаржанның үлкен ағасының биыл мектеп бітіретін жалғыз ұлы екі-үш күн ауырды да қайтыс болды. Төрт-бес жылдан бері сауда қуып, Қытай, Пәкістан, Түркия, Эмират, Польша, Мәскеу асып жүрген Ақмаржан ағасының жалғыз ұлы ауырғалы жанын қоярға жер таппай, қатты қиналды. Кірпігі азар қимылдап жатқан баланың аузына су тамызып, қасында күні-түні отырды да. Дәрі-дәрмектің қандайы керек, бәрін де әкеліп берді. Бірақ емге көнбейтін бауыр гепатитінің ерекше қауіпті вирусы жалғыз ұлды әп дегеннен есеңгіретіп тастаған еді.

Сондай ауыр күндердің бірінде коммерсант келіншек ауруханаға дәрі апарып берем деп кеткеннен жоқ болып кетті. Бес күн, он күн өтті... ізі табылмады.

Іздеу салынды. КТК каналы бойынша суреті де пәлен рет көрсетілді. Көрдім, білдім деген жан жоқ. Екі бала, күйеуі Тоқтар әбден мазасызданып, күйзелді. Бірге тұратын екі сіңлісі де қатты уайым шекті. Бұл күндері тергеу органдары да аяқтарынан таусылды. Ақыры жіптің бір ұшы күйеуіне келіп тірелді. Әйелі жоқ болып кеткен екі күн бойы ол да үйіне келмей арақ ішіп жүрген. Бұрыннан араққа әуестеу жан әйелі коммерсант болғалы ішуді тіпті үдеткен. Көп сөйлемейді. Әрине, ел асып, тауар тасып, сауда жасау оңай емес. Көбіне жас келіншекке үйден жырақ, далада жүруге тура келеді. Таныстар да көп. Мұндайда ішу, қыдырудың жиі болатыны да белгілі. Көп ақша кім-кімнің де басын айналдырады ғой. Ақмаржан да сөйтті, көбіне үйіне түннің бір уағында келуі жиіледі. Осының бәрі күйеуі Тоқтарды ашындырған. Соңғы жылдары бұл үйден ұрыс-керіс кетпейтіні де сондықтан еді.

Тексеру, іздеу еш нәтиже бермеген соң Ақмаржанның туған-туысқандары оның күйеуінен күдіктенетіндіктерін айтты. Әйелдің барлық киім-кешектері есепке алынды. Екі сіңлісі Акмаржанның барлық киімі бар, тек түнде киетін жеңіл халаты жоқ дегенді айтты. Демек, бұл келіншек үйінен шықпаған деген сөз.

Тексерушілер Тоқтарды қолға алды. Өзі де қиналып азар жүрген ол көп сөзге келмей әйелін өлтіріп, үйдің подвалына көміп тастағанын айтты. Өткен сенбі күні осы бір жан түршігерлік оқиғаның барлық жай-жапсары КТК арнасы бойынша халыққа көрсетілді. Қолына кісен салынған Тоқтар түрмеге қамалды.

Сөйтіп, сұмдық қылмыстың беті ашылды. Әлі қырыққа толмаған коммерсант келіншек Ақмаржан өз күйеуінің қолынан мерт болды. Зар жылап бейкүнә екі бала қалды. Енді олардың тағдыры не болады? Қаңырап қымбат жиһаздарға толы еңселі екі үй, машина қалды.

Ақмаржан өзінің туып өскен ауылы Ақши селосына жерленді. Тергеушілер алғаш күйеуі Тоқтардан күдік­тенгенде оған шырылдап ара түскен, сегіз оқитын үлкен қызының енді әкесін атарға оғы жоқ. Дүниеде ең жақын, ең қимас адамның өшпенділігінен жаман не бар. Енді бала жүрегі бұл дүниеде оған жібімесі анық.

Пікір қалдыру үшін тіркелу қажет...

Comments  

 
+1 #1 Салтанат 2016-02-27 01:39
Окиништи
 
 
#2 Динара 2016-02-29 14:09
Алла сактасын!!!