Қоштасу

koshtasy

Түннің бір уағында ескі қоңыр телефон біреу салып қалғандай шар ете түсті. Нұрғали қашан да түнгі телефон коңырауынан қатты қорқатын, себебі есі дұрыс адам бұл уақытта телефон соқпайды. Соқты екен, бір жаманаттың болғаны. Әкесі, анасы, інісі қайтыс болғанда да хабар бұған түн ортасы ауа жеткен. Соңғы рет өткен жылғы шілдеде анасы қайтыс болғанда соғылып еді осы қоңырау. Одан кейін құдайға шүкір, бұл уақытта телефоны жаманат хабар жеткізген жоқ еді. Бүгін не болып қалды екен?

Жүрегі суылдап телефон тұтқасын көтерер көтермесін білмей біраз тұрды. Телефон бірақ безілдеуін қоймады. Қолы қалтырап ақыры тұтқаны көтерді. Арғы жақтан Жұбаныштың қырылдаңқы даусы естілді. "Сұмдық болды. Болатбек қайтыс болды", "Қашан?" - деді бұл. "Білмеймін. Жаңа маған бұл хабарды Ырым айтты. Сірә, жүрек дертінен кеткен сияқты. Соған таңертең ертемен жиналу керек. Ақшалай көмек те керек болар",- деп Жұбаныш трубканы орнына қойды.

Нұрғали темекісін тұтатып балконға шықты. Қала түнгі ұйқы құшағында. Бірен-саран терезелерде ғана жарық бар. Оқта-текте алыстан машина даусы талып естіледі. Ойланып біраз тұрды. Ойлануы да біртүрлі. Басы зеңіп, жүрегі лоблыды. Екі шекесі қысып, маңдайы солқылдады. Өзі де сиреп қалған бозаң шаштарын түнгі жел баяу желпиді. Осы тұрғанда өзі шетсіз, шексіз мұхит айдынында жападан жалғыз қалған жан сияқты. Сонымен өмірден Болатбек те өтті де. Көз алдына маңдайы кере қарыс, көзі адамға мейір шаша қарайтын акқұба жігіт келді. Бұлар осыдан отыз жыл бұрын Алматыға елдің түкпір-түкпірінен келген он жеті-он сегіздердегі бозбала жігіттер еді. Араларындағы әскерден келген төрт-бес жігітті жаңа мектеп бітіріп келгендер "шалдар" дейтін. Болтабек те жиырмадағы сол "шалдардың" бірі еді. Мектеп бітірген бойда әскерге алынып, екі жылдан кейін ғана оқуға түскен бұларды мектеп қабырғасынан шыққандардың "шалдар" деуі біртүрлі жарасымды да болатын.

Алғашқы кезде оқуға түскендердің бәрі шетінен өздерінен асқан ақын, жазушы, драматург жоқ деп есептеді. Құдай сақтасын, кеуделеріне нан пісіруге болатын-ды. Бірақ Болатбек мақтаншақтар сортынан емес екен. Көп кешікпей-ақ бұлардың кейбіреуі бір-бірімен іштей түсінісіп, жақындасып кетті. Бірге оқығандары болмаса бірақ Нұрғали екеуі қыздарға бір барып қыдырып, оңаша шер тарқатып сырласқан емес. Рас, анда-санда жігіттер болып сыра-пыра, арақ-шарап ішкенде ғана бас қосып қалатын. Сондағы кездесетін жерлері сол кездесті. "Алатау" қонақ үйінің астындағы "шахта" деп аталатын асхана мен университет пен "Алматы" қонақүйінің ортасындағы "гармошка" деген кафе. "Шахта", "гармошка" деп ат қойып жүрген де өздері сияқты студенттер. Тамағы дәмді әрі арзан. Әсіресе, "студенттер коньягі" деп аталатын №12 портвейні керемет-ақ еді. Сол жерде бұлар кезектесе өлең оқитын. Поэзия, өнер, театр, әдебиет туралы сырласатын. Ол бір тамаша жылдар еді. Ол кезде газет-журналдарға шыққан бір де бір өлең, әңгіме, тіпті шағын мақала да назардан тыс қалмайтын, бірін-бірі шын жүректен құттықтайтын.

Сөйтіп жүргенде бес жыл да зу етіп өте шықты. Өмір, тағдыр жолы бұларды әр тарапқа бөліп жіберді. "Көкелері" көмектескендер Алматыда қалды. Сүйеніші, сүйеушісі жоқтар кадр жетіспейтін алыс облыстар мен аудандарға жіберілді. Бұл алыс бір ауданға кетіп, ал Болатбек астанада қалды. Біраз газет-журналдарда қызмет атқарды. Екі-үш кітап шығарды. Бұл екеуі университет бітірген соң арада он жыл өткеннен кейін кездесті. Нұрғали ЦК-ның демалыс үйінде демалып жатқан. Бірде Көк базарға барса алдынан Болатбек қарсы кездесті. Бірақ ол жерде асығыстау болып көп әңгімелесе алмады. Арада өткен он жылда біраз жігіттер қызмет баспалдақтарымен жедел өсіп жатқан. Әсіресе, "көкелері" барлардың екпіні жойқын еді. Болатбек бір газетте жай ғана қызметкер екен. Қоярда қоймай кешке қонаққа үйіне шақырды. Екі-үш сағатта біраз әңгіме айтылып, біраз сыр шертілді. Ол бірге оқыған жігіттердің қайсысы қайда қызмет істеп жүргендерін жіпке тізіп айтып берді. Бір қызығы, бір қалада тұрса да олардың бас қосулары өте сирек екен. Сол жолы ол мұны "Алматыға көшіп кел" деп көп үгіттеді. "Жарайды, ойланайын" деп құтылады бұл. Тіпті кетерінде Бірінші Алматыға дейін шығарып салып еді сол жолы.

Содан көп кешікпей бұл да астанаға көшіп келді. Бірақ Нұрғали келді екен деп қуанған курстастарын көрген жоқ. Бәрі де баяғыдан күнде кездесіп жүргендей көргенде амандық-саулық сұрасады да жөніне кетеді. Қызық... Бұл кезде Болатбек үлкен үйде жай ғана қызметкер еді. Жай қызметкер болса да "үлкен үйдің" аты үлкен үй, біраз тұрмыстық мәселелері шешіліп-ақ қалған екен. Бір кездескенде қуана отырып айтып берді. Бұл онымен бірге қуанған.

Содан кейін кездесулері сирей берді. Бірақ тағдырдың жазуы ма, көп кешікпей оның інісін біреулер өлтіріп кетіп сонда үйіне қайыр болсын айта барды. Кейінірек жиырма жыл отасқан әйелі, оған ілесе әке-шешесі бірдей дүние салды. Бірге оқығандар обалы не керек, осындай қайғы үстінде бас қосатын. Әркімнің өз шаруасы, тірлігі бар. Мына заманда кім жетісіп жүр дейсің, әркімде мың-сан проблема. Айта қалса сай сүйегің сырқырайды. Айтушыға қоса жылайсың.

Бұл Болатбекті жаңа астанаға қызметке кеткеннен кейін араға жыл салып барып көрген. Біртүрлі жағы ішіне кіріп, жүдеңкіреп кетіпті. "Жігіттердің бәрімен кездесіп, әңгімелесіп, шерім бір тарқап қалды,- деді ол, - шіркін. Алматы жұмақ екен ғой. Мұнда менің бүкіл жастық өмірім өтті. Ширек ғасырды осы қалада өткіздім. Біраз жасқа келгенде қоныс аудару да қиын екен".

Ол біреуге мұң шағып, мүсәпірленіп көрген емес еді. Бірақ осы жолы балаларына ренжіп, солардың келешегі не болар екен деп қатты уайымдап отырды. Уайым мен қайғы адамды жеп қояды деген рас па, тіпті өмірден түңіліңкіреп те қалғандай болған. Нұрғали бұдан да қиын тұрмыс кешіп жатқандар бар екенін айтып біраз жұбатты. Қоштасарда екеуі "Қазақстан" қонақ үйінің қасында көп тұрды. Қоштасып кетіп бара жатқан Болатбек бір кезде жүгіріп қайта келді. "Нұрғали, енді көреміз бе, көрмейміз бе мына жалған дүниеде, есен-сау бол",-деді. "О, не дегенің, әлі талай сайранды саламыз ғой",- деді бұл. Ол үнсіз бұрылып жүре берді. Сол жолы мәңгі қоштасып бара жатқанын білді ме екен, әлде? Тірлік деген осы, бүгін барсың, ертең жоқсың. Нұрғалидың алқымы ашып, көзіне ып-ыстық жас келді.

Ертеңіне бәрі жиналып, Болатбекті туған жеріне шығарып салды. Күні кеше Алматыға келген өндірдей жастардың орнында көздері жасаурап бастарын бозқырау шалған жігіт ағалары тұрды. Бәрінің де қиналысында шек жоқ еді. Қимас жанмен осы қоштасу тірліктің мәнін бұрынғыдан мың есе көбейтіп жібергендей болды...

Пікір қалдыру үшін тіркелу қажет...

Comments  

 
#1 Айгуль 2016-02-26 23:51
Иманы жолдас болсын