Сурет

suret-1

Ол түні аспан керемет ашық болды. Жұлдыздар жымыңдап, жаңа туған ай нұры төңіректі аппақ шұғылаға малып тұрды. Ауыл жанындағы ерке бұлақтың сылдырын түн алыс бір қияларға таратып жатыр. Гүлжанның жанарында бүгін отты жарқылмен бірге ешкімге сезілмес тұнық мұң да бар сияқты.

Оны маған сездіргісі келмесе де, іштей біліп келемін. Осының бәрі әлде менің әскер қатарына шақырылғаныма байланысты ма, қалай...

Жақын жерден әуелеген музыка әуені естіледі. Ауыл жастары кішкентай клубты бастарына көтеріп жатыр. Осы сәт менің де жүрегімді қимас бір сезімдер билеп кетті.

-Дәурен, клубқа кіріп шығайықшы,- деп өтінді ол екеуміздің арамыздағы біраз үнсіздіктен кейін.

-Неге, Гүлім, одан да мына түннің сұлулығын тамашалап таң атқанша жүре берейік. Мына бұлақ сылдыры, ана жапырақ сыбдыры өзіне шақырып тұр ғой. Олар көктемнің ұлылығын жырлап жатыр. Оны мына самал жел де естиді, ана әсем жұлдыздар да, аппақ ай да көріп тұр. Олардың бәрі біздің бақытты болуымызға тілектес. Егер ақын болғанда осының бәрін бір дәптер етіп жазып, саған ескерткішке тастап кетер едім.

-Табиғат сұлулығын тамашалауға әлі де уақыт бар ғой. Сендерді әскерге шығарып салу кешінде маған құттықтау сөз сөйлеп, сыйлық тапсыру тапсырылған. Сондықтан бармауға болмайды, Дәурен.

Мен одан кейін қарсы болмадым. Шынында клубқа ауылдың бар жастары жиналған екен. Құтырған музыка, ойнақ салған қыз-жігіттер. Бәрі де бидің қызығына түсіп, айналадағы дүниені ұмытқан. Мен би білмеуші едім, ал Гүлжанның би дегенде есі кететін.

-Жүр, билейік,- деді ол біз кірген бойда.

-Мен би білмеймін ғой,- деп бір шетке қарай бұрылып кеттім. Соның арасынша ол қарсы келген біреумен дөңгелене билей жөнелді. Қарасам былтыр әскер қатарынан келген Асан деген ұзын қара жігіт екен. Мектепте дене шынықтыру пәнінен сабақ беретін. Естуімше ол да Гүлжанның артынан біраз жүргенге ұқсайды. Міне, қазір де ыржақтай күліп, Гүлжанға қадала қарап, селкілдеп жүр.

Ал менің Гүлім... Мені тіптен ұмытып кеткендей. Мен жаққа бір бұрылып қараған да жоқ.

Шығып жүре бердім. Неге кетіп бара жатқанымды,Гүлжанды неге күтпегенімді, мынау думанды ортадан еш себепсіз неге бөлінгенімді білмеймін.

Сылбыр басып бұлақ жағасына келдім. Манаты жырлап тұрған сұлу табиғаттың сұлулығынан түк жоқ. Кәдімгі түн, тек аппақ.

-Дәурен, қайда кеттің? Мен іздеп жүрсем,- деген Гүлжанның дауысын естіп артыма бұрылдым. Қасында Асан бар. Тағы сол.

-Іздегенің мүмкін басқа болар, тауыпсың ғой, кұттықтаймын! Қош бол!

-Дәурен! Тоқташы, түсінемісің...

Ол мені шығарып салған жоқ. Құлын тайдай асыр салып, бірге өскен достарыммен қимай ұзаққоштасып, мұңды көзбен перронға қанша қадалсам да оның сұңғақ бойын, қара мақпал шашын, көк жібек көйлегін көре алмадым. Вагонға отырдық. Төменде талай қызықты бірге еткізген достарым үнсіз қол бұлғайды. Мұндай шақта ауызға да сөз түспейді екен.

Поезд соңғы рет ақырып-бақырып орнынан қозғала берді. Кенет Гүлжан! Менің Гүлім жүгіріп келеді. Қолында бір шоқ гүлі бар.

-Дәурен!!! Ол тағы бірдеңе деп айқайлайды. Бірақ поездың салдыры оның басқа сөздерін естіртпеді.

Содан бастап ол қайтадан ойымнан кетпей қойды. Бекер ренжіткенімді, оны орынсыз қызғанғанымды түсіндім. Кетерде тым болмаса кешірім сұрай алмағаныма өкініп те қоямын.

Арада ай өткенде одан хат алдым. Ішінде суреті де бар екен. Қара көздері "менде кінә жоқ еді ғой" дегендей мөлдіреп тұр. "Айыбым сені жанымдай сүйгенім бе, Дәурен! Неге ренжіттің? Қызғандың ба? Кетерде кешірім сұрар деп ойлап едім, келмей кеттің... Мен сені күтемін".

Хатты төсіме салып жылап жіберіппін. Жүрегім ән салып қоя берді. Тағы да суретке үңілдім. Баяғысындай күлімсіреп тұр екен...

Пікір қалдыру үшін тіркелу қажет...