Қанішерлер

kanisher

Алматының жанға жайлы көктемі қандай сұлу! Мың сан терек желмен сыбдырлай тербеліп, мың сан таудан аққан мөлдір бұлақ жаныңды жадыратады. Осынау табиғаттың тамылжыған бір күні орталық паркке қыдырып келген он сегіз жасар Анжелика көгілдір көзді Анатолиймен танысты. Біраз қыдырды. Бақса ақмолалық жас жігіт әскер қатарынан қашып жүрген болып шықты. Бірақ оттай жанған махаббат пен көзсіз құштарлық ештеңеге қаратқан жоқ. Алматыда бұлар бармаған жер қалмады, ресторан мен демалыс орындарын түгел адақтады. Мұның бәрі екеуін бірақ тез жалықтырды. Бір күні Анжелика өзінің үйтіп-бүйтіп жиырма мың теңге тапқанын, Семей қаласында Жанна деген құрбысы бар екенін, соған қыдырып барсақ қайтеді деген ойын сүйгеніне наздана жеткізді.

Онсыз да қашып-пысып жүрген Анатолийге де керегі осы, қуана келісті.

Сөйтіп, екі жас май айында Семей қаласынан бір шықты. Бірақ құрбысы бұлардың келгеніне онша қуана қойған жоқ, қайта кайткенде тезірек құтылудың жолын іздеді. Сөйтіп, Жанна бұларды Аслан, Надир, Анатолий, Руслан дегендермен таныстырды. Оларға Анжеликаның сөмкесіндегі 20 мың теңгені қағу керек деген емеуірінін де білдірді. Не жұмыс жоқ, не кәсіп жоқ екі қолдары алдарына сыймай жүрген 24-25-тердегі тепсе темір үзетін жас жігіттерге де керегі осы еді.

Сол бір қанды оқиға болған күні бұлар Жаннаның пәтерінде бас қосты. Біраз арақ ішілді. Бір кезде жігіттер жағы қаланың сыртына барып сайран салайық деген ұсыныс айтты. "Ауырып отырмын" деп сылтауратқан Жанна үйде қалып қойды. Сөйтіп төрт жігіт пен Анжелика машина жалдап, қала сыртына шықты. Осы жерде төрт қанішер жабылып қызды буындырып өлтірді. Одан кейін қолдарына пышақ алып, қыздың денесін паршалап тастады. Қан көргенде құтырып кеткендей болған төртеуі ақыры өлген қызды сол жерге көміп тастады.

Ертеңіне төртеуі жұрт өзінен таса жер ғой деп саяжайда тығылып жатқан Анатолийге келді. Себебі оның аяқ астынан жоқ болып кеткен Анжеликаны іздеп, бұлардан күдіктенуі сөзсіз еді. Төрт жігітке жалғыз адам не істей алады, оны да бұлар ит қорлықпен қинап өлтіреді. Алысқа сүйретіп әуре болған жоқ, шала-шарпы сол саяжайға көме салды. Сөйтіп, қызық қуған екі жас қанішерлердің қолынан қапияда қаза болды.

Бірақ жиырма мың теңге жұмырға жұқ болған жоқ, аз күнгі сайран мен ішіп-жеуге кетті. Бұлардың екі адамды өлтіргенін білсе де Жанна жақ ашпады, тиісті орындарға хабарламады.

Екі адамның қанын ішкен төртеу ақша табу үшін жаңа "жорыққа" шықты. Олар Игорь деген "Жигули" айдап келе жатқан жігітті тоқтатып, Түрксіб селосына апарып сал деп өтініш айтты. Бір уыс қобыраған майда теңгелердің шетін көрсетіп оны мәз етіп қойды. Ұзын жолға шыққан соң артта отырған екеу Игорьдың мойнына қыл арқанды салып жіберіп шірене тартты да, қалған екеуі үсті-үстіне пышақ ұрды. Әңгіме айтып, мәз болып отырған Игорь қапелімде не болып, не қойғанын біліп үлгерместен о дүниеге сапар шегіп жүре берді. Оны бұлар жол бойына көме салды. Бірақ онда түк ақша жоқ екен. "Жигулиге" мінген төртеу балшыққа батып шықпаған соң машинаны да тастап жөндеріне кетті.

Содан көп кешікпей төрт қанішер де қолға түсті. Қазір олар түрмеде отыр. Тергеу аяқталып, іс сотқа өткізілді. Енді аз күнде бүкіл қаланы дүр сілкіндірген сойқан қылмыс жасағандар тиісті жазасын алатын болды. Қылмыстық жауапкершіліктен Жаннаның да құтылмайтыны анық.

Пікір қалдыру үшін тіркелу қажет...