Таңатар

tanatar

- Әй, бері кел!

Жалт қарасам анадай жерде өте қымбат, шетелдік иномарка машинасының қасында көзіне қара көзілдірік киген бір жуан қара тұр. Бір қолында шылым, екінші қолында "жүздік" құдіретті телефон. Үстінде шыттай ақ көйлек, қара шалбар, қызыл ала галстук.

Жақын жерде ешкім болмаған соң маған арнап айтылған сөз болар деп қасына жақындадым. Жүзін шырамытқаныммен жыға танымадым.

-Әй, танымай қалдың ба?

Шегірткенің айғырындай қозы қарынды мықты шіреніп-ақ тұр.

-Аздап... шырамытып... нетіп...

-Оу, деген, ұмытып қалғансың ба? Баяғыда университетте бірге оқып едік қой.

Сонда барып бұл мықтының аты есіме сарт етіп түсе кетті.

Сабаққа бір күн қатысса, үш күн қарасын көрсетпейтін сабаз еді. Ақыры үшінші курста оқудан шығып кеткен. Бірге оқығанымыз болмаса бірақ жақын жолдас болған жоқ едік. Аты Таңатар болатын.

-Иә, енді есіме түсті. Сен Таңатар екенсің ғой,-дедім мен өз-өзімнен абдырап. Мына мықтының сесі басқан ғой сірә.

-Мен сені имеңдеген жүрісіңнен бірден таныдым. Зуылдап қайда барасың? Жүр, қыдырып біраз әңгімелесейік. Курстас жігіттердің көбін көріп тұрам. Сені де сұрастырып жүремін, аудан жақта дейтін еді, мында қайдан жүрсің? Әлде оқуға бала әкелдің бе?

-Жоқ, біраз уақыт болып қалды, осында қоныс аударғанбыз.

-Е, бәсе, неге көрінбей жүр десем. Дұрыс, жүр кеттік, машинаға отыр, бір жерге барып сыра ішейік.

-Ойбай, Тәке, бүгін газет шығатын еді. Соған баспаханаға бара жатырмын.

-Е, әлі сол баяғы газеттің қара жұмысындамын де. Айлығың қанша?

-Енді, бес-алты мың болып қалды.

-Иә, күйің күй емес екен, Жәке. Оның үстіне жаяу жүрсің. Неге машина алмайсың?

-Соқыр тиын жоқ, қалай алам?

-Өзі редакцияңда қанша теңге бар?

-Үш-төрт жүз мыңдай.

-Онда сен былай істе. Мен бір құпия сыр айтайын. Екі жүз мың теңгені менің фирмамның есебіне аудар. Мен оны төрт-бес ай айналымға жіберем. Соның процентінен түскен ақшаға машина алып берем. Екі жүз мың теңгені де қайырам. Келістік пе?

-Газет шықпай қалса қайтем?

-Ой, сен әлі бала екенсің ғой. Қазір кімге керек сол газетің. Биыл шықпаса келесі жылы шығар. Айтып тұрмын ғой, үш-төрт айдан кейін ақшаңды қайырып берем.

-Жоқ, Тәке, машинасыз-ақ жүрейін, бірақгазет тоқтамасын.

-Иә, өмірден көп артта қалған екенсің, Жәке. Сен ренжіме. Шыны осы. Әлі баяғы жетпісінші жылдардағы "багажбен" жүрсің. Қазір айналайын-ау, заман басқа ғой. Тырбан, пайда тап. Алда, арба, өз жағдайыңды жаса. Әйтпесе саған ешкім де машина алып бермейді. Осылай борсаңдап өмір бойы жаяу жүресің. Бұл заман күшті мен тістінікі. Ал "заманың түлкі болса тазы боп шал" деген мақал бар. Оны білесің.

-Газет...

-Газет! Ой, сол газетіңді қойшы. Газетсіз де шалқып жүрміз ғой.

-Шынында қалай байыдың, Тәке?!

-Ол ұзақ әңгіме. Саған тек шет-шепірін ғана айтайын. Осыдан төрт-бес жыл бұрын Совет үкіметі құлап ыри-тыри болып жатқан заманда әп дегеннен фирма құрып алдым. Содан бір жерге звондасам машина, комбайн керек дейді. Онда көке, менің фирмама пәлен миллион сом ақша аудар дедім. Анау аударды да жіберді. Мен сол ақшаны "крутит" еттім. Үш-төрт айдан соң анау болды, мынау болды, машина да, комбайн да болмады деп әлгінің ақшасын өзіне қайтарып жібердім. Ал айналыстан қалғаны өзіме қалды.

Сонымен байлық деген өзінен-өзі келді. Қазір үш-төрт машина, екі қатарлы үй, қалада алты бөлмелі пәтерім бар. Тамақты рестораннанішеміз. Доллар жетеді.

-Е, онда біздің газетке аздап бірдеңе беріп, демеушілік жасасаңшы,- дедім шыдай алмай.

-"Мен не деймін, домбырам не дейді?" деген болды ғой мынау. Мен бас десем, сен құлақ дейсің. Не деп берем саған ақшаны? Өзің тырбан, жолын тап. Мысалы, мен айтқан...

Бұдан әрі шыдамадым. Рахмет деп бұрылып жүре бердім. Таңатар сәлден кейін қасымнан зу етіп өте шықты. Артында бұдақұдақ шаң ғана қалды...

Пікір қалдыру үшін тіркелу қажет...

Comments  

 
#1 кушти 2016-03-02 01:45
;-)
 
 
#2 Назерке 2016-03-02 09:47
;-) ;-)